Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Елордадағы сайлау учаскелерінің бірінен Вакандалық жауынгерлер байқалды

AstanaTV
21.11.2022ж. 00:00
1354
Елордадағы сайлау учаскелерінің бірінен Вакандалық жауынгерлер байқалды

Бүгін сайлау учаскелерінің біріне Вакандалық жауынгерлер келді. Елордадағы сайлау бөлімшелерінің біріне қара нәсілді жігіттердің кіріп кеткенін айтып, әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Саяси науқанның қызықты тұстарын тілшіміз тарқатады.

Әлеуметтік желіде сайлауға қатысты жазбалар мен бейнежазбалар көп. Мына бір кадрға қарап сүйсінесің. Отбасымен ұлттық нақышта киініп барып, өз таңдауын жасаған. Ерекше киіммен дауыс берген жанұя азаматтық борышымыз деп жазба қалдырған.

@QAZAQSHAPAN:

Құқықтық, әділетті қоғамды құрудың бірден бір жолы – азаматтардың құқықтық, саяси мәдениетін көтеру. Ал ата-анасымен сайлауға барған бала кішкентайынан таңдау құқығының барын, даусының маңызды екенін біліп өседі. Азаматтық борышымызды адалдықпен ұштастырайық.

Ал мына бір кадрда 90 жастағы Гүлсім Мырзақұлова өзінің әулет мүшелерін ертіп әкелген. Қызығы, 45 отбасы мүшесінен 17-сі дауыс беруге келген. Үлкен жанұя ауыл мектебіндегі сайлау учаскесінің табалдырығын аттаған бойда, айналасындағылар таң қалған көрінеді.

Ал елордадағы сайлау учаскелерінің бірінен Вакандалық жауынгерлер байқалды. Қолдарына найза ұстап, арнайы киім киген жігіттер осылайша науқанға дем беруді көздеген сияқты. Қара қабылан және Вакандалық жауынгерлер Marvel комиксінің кейіпкерлері. Десе де, дәл сол образға елордадағы бірнеше қара нәсілді жігіт еніпті. Олар тура комикстегі киіммен, қарумен сайлау учаскесіне кіріп барған.

Комикс кейіпкерлері сайлау учаскесіндегі жұртты бүгінгі күнмен құттықтап, мұнан кейін келесі сайлау учаскесіне жол тартты.

Ал Атырауда жаңадан туылған нәрестелерге Сайлаубек және Сайлаугүл есімдері қойылды. Бір қызығы дүние есігін ашқан екеуі де отбасында төртіншісі екен.

Ал Алматыда 5 жасар бүлдіршін сайлау учаскесінің алдында көз жасына ерік берді. Себебі дауыс беруге рұқсат бермеген. Дегенмен, ата-анасы бүлдіршінді бюлеттеньді көк жәшіктің ішіне тастауға мүмкіндік берген.

Ә. Дүкембаева