Алматыдағы атыстан қаза тапқан
полицей туған ауылында жер қойнына тапсырылды. Атыс кезінде ауыр жараланған ол
кеше таң алдында ауруханада көз жұмған еді. Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт
ауданында Мейрамбек Рахматуллаевпен қоштасу рәсімі өтті.
24 жастағы Мейрамбектің өмірін
сақтап қалу үшін дәрігерлер екі апта бойы күрескен. Алайда жас жігітті аман
алып қала алмады. Ол Алмалы аудандық
ішкі істер басқармасында күзетте тұрған жерінде басына тиген оқтан ауыр жараланған болатын. Ақтық
сапарға шығарып салуға марқұмның туған-туыстарынан бөлек, әріптестері, сыныптастары, мұғалімдері мен жергілікті
атқамінерлер де келді. Марқұмның денесі туған жері Қарабастау ауылында жер қойнына тапсырылды.
Нұрділлә Танағұлов, марқұмның
әкесі:
Жақында үйлендіріп едім, 10
шілде күні. Үйленгеннен кейін 13-і күні жұмысына барып, төрт күннен кейін
осындай жағдай болды. Өзінің қалауы, милиция дейтінді мен білмейтін де едім.
Мұхит Сыдық, Алматы қаласы Алмалы АІІБ учаскелік полиция инспекторы:
Мейрамбек бізде көп істеген
жоқ. 1,5 айдай уақыт жұмыс істеді. Соның өзінде өзін жақсы көрсетіп,
бастықтардың да бұйрықтарын жақсы орындады. Өте тәжірибелі маман деп айта аламын.
Аз арада өзін жақсы көрсетіп, өзінің ақкөңілділігімен,
адалдығымен және өзінің дайындығымен, өте жақсы азамат еді.
24 жастағы полиция
лейтенантының артында аяғы ауыр келіншегі қалды. Қаралы отбасына аймақ әкімдігі
мен Алматы қаласының билігі қаржылай көмек берілетінін айтты.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ