Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Шығыс және Солтүстік Қазақстанда саңырауқұлақ теруге кеткендер жоғалып жатыр

AstanaTV
02.08.2016ж. 20:00
3171
Шығыс және Солтүстік Қазақстанда саңырауқұлақ теруге кеткендер жоғалып жатыр

Соңғы уақытта саңырауқұлақ теруге кетіп, адасып қалатын тұрғындар қатары көбеюде. Шығыс Қазақстанда орманға барып қайта оралмаған туыстарына іздеу салғандар күн санап артып келеді. Өткен демалыс күндері оларды іздеуге 5 арнайы топ аттанған.

Жергілікті  үш тұрғынды құтқарушылар тікұшақ арқылы тапты. Олар орманның ішіне адасып қалған. Ал, 80 жастағы ер адам 3 тәулік бойы іздестіріліп ақыры өзен жағасынан табылды. Ауа райының қолайсыздығы құтқару операциясына кедергі келтіргені рас. Алайда, мамандар зардап шегушіні құтқару үшін барын салды. Бүгінде төтенше жағдайлар қызметінің мамандары күшейтілген жұмыс кестесіне көшкен. 

Евгений Егоров, ШҚО ТЖД бөлім басшысының орынбасары:

Адамдар орманға еш ескертусіз кетеді. Қай бағытқа кеткенін не көршісі, не туыстары білмейді. Содан кейін бізге хабар түседі. Осы жаққа кетуі мүмкін деген болжаммен, іздеу жұмыстарын бастаймыз. Арнайы киім де кимейді. Ұялы телефондарын да алмайды. Қазір қалта телефондардың көбінде Джипиэс бар. Соны пайдаласа, еш адаспайды ғой.

Ал Қызылжар өңірінде саңырауқұлақ теруге кеткен адамның іздестіріліп жатқанына 10 күн болды. Шаһардан 50 шақырым қашықтықта орналасқан Гончаров ауылының тұрғыны жолдасымен бірге орманға кеткен. Олар біраз жер жүрген соң екіге бөлініпті. Қос қарияның бірі содан бері із-түссіз жоғалды. 61 жастағы азаматты алдымен ауыл тұрғындары іздеген. Таба алмағасын, іздеу шараларына құтқарушылар мен еріктілер тобы қосылды. Николай Дидюктің жоғалған жері Ресей аумағына жақын орналасқандықтан, құтқарушылар шекара қызметіне де хабар берген.

Павел Филиппов, СҚО ТЖД басшысы:

Жоғалған адамды іздеп жүргенімізге 10 күн болды. Әзірге нәтиже жоқ. 220 шаршы шақырымнан астам аумақты шарлап шықтық. Ертеңнен бастап пассивті іздеу шараларына көшеміз. Демек, әлгі қарияны 150 кісі емес, 7-8 адам іздейді. 

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ