Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Таразда аулаларды атжалмандар жаулап алды

AstanaTV
02.08.2016ж. 20:00
3083
Таразда аулаларды атжалмандар  жаулап алды

Таразда көпқабатты үйлердің аулаларын атжалмандар жаулап алды. Әсіресе «Қаратау» шағын ауданында қоқыс алаңдарының маңайы егеуқұйрықтардың мекеніне айналған. Ал осы маңда балабақша орналасқандықтан, халық бүлдіршіндердің денсаулығы үшін алаңдайды. Атжалмандардың көзі жойылсын деп дабыл қаққан ата-аналар  құзырлы орындарға бірнеше рет шағымданған. Алайда, әзірге нәтиже жоқ дейді. 

Індет таратушы кеміргіштер жертөлені былай қойып, шатырларға да шығып кеткен. Бала-шаға тұрмақ, үлкендердің өзі қоқыс-қалдықтардың маңына жолауға қорқамыз дейді. Өйткені ол маңды зиянкестер жаулап алған. Тұрғындар дер кезінде шара қолданылмағандықтан, жағдай осыншама ушығып кетті деп алаңдаулы.

Жанар Досжанова, Тараз қаласының тұрғыны:

Крыса деген есіктің алдында, подъезде шауып жүр. Кіріп-шығып, жорғалап жүреді. Сосын мына жерде балабақшада балалар бар, зиян. Қолдарын тістеп ала ма, шөптің арасында ойнайды ғой бала деген. Мына арықтың бәрінде крыса толып жүр. 

Бауыржан Райымбеков, Тараз қаласының тұрғыны:

Қазір сол тышқандардан түрлі аурулар шығып жатыр. Енді соларды жоюдың амалын жасап, селитра, улы дәрілер қолданып, сеуіп тастаса. Шыны керек, мынау крыса этаж үйге кіретінді шығарды. 

Ал әкімдік өкілдері биылғы көктемде егеуқұйрықтармен күресу үшін 16 млн теңге бөлінгенін айтады. Оның  10 млн теңгесін «Халықтық денсаулық орталығы» серіктестігі санитарлық шараларды жүргізу үшін тендер арқылы жеңіп алған. Әкімдіктің жанынан құрылған арнайы комиссия олардың тарапынан жүргізілген залалсыздандыру жұмыстарын қабылдап алған.

Бауыржан Жылқыбеков, «Халықтық денсаулық  орталығы» ЖШС директоры:

Атжалмандарға қарсы жертөлелер мен арықтарды залалсыздандырып шықтық. Ал күл-қоқыстар мен балабақшаларға жауап бермейміз. Ол нысандарды кеміргіштерден тазартуға «Жасыл Ел-Тараз» жауап береді.

Қоқыстарды тазалауға жауапты «Жасыл Ел-Тараз» мекемесі өкілдерінің де уәжін тыңдадық. Олар,  залалсыздандыру жұмыстарын мінсіз атқардық, атжалмандарды мүлдем көрген емеспіз, деп ақталды.

 Жандос Ноғаев, «Жасыл ЕЛ-Тараз» ЖШС бас инженері:

«Жасыл ел-Тараз» мекемесі мынау қаладағы қоқыс алаңдарының күл-қоқысын шығарумен айналысады. Бүгінгі таңда бізде барлық мөлтек аудан қамтылған. Атжалман мәселесіне келер болсақ, 2-ші мөлтек ауданында №10 балабақша жанында қоқыс алаңы санэпидемстанциямен тез арада залалсыздандырылды.

Ал мынау Павлодардағы сауда үйлерінің бірінде болған жағдай. Дәлізде жорғалап  жүрген егеуқұйрық елдің есін шығара жаздады. Кеміргіштің бұл ғимаратқа қалай тап болғанын құзырлы орындар тексеруге кіріскен.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Мамандар, мұнда залалсыздандыру жүрді, дейді. Алайда, азайған атжалман жоқ. Ал бұл жұмыстарға бюджеттен қомақты қаржы бөлінгендігін ескерсек, қазына қаражаты желге ұшқандығын көруге болады. Енді сала мамандары ұзын арқан, кең тұсауға салып жүргенде, атжалмандар алаңсыз көрші аудандарға қарай көбеюі мүмкін.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ