$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Әскерилер дайындықтарын паш етті

AstanaTV
02.08.2016ж. 20:00
6247
Әскерилер дайындықтарын паш етті

Әскерилердің бір күні. Бүгін Астанада бірқатар оқушылар, студенттер мен жұмысшы жастар әуе десанттық шабуыл бригадасының жаттығуларымен танысуға мүмкіндік алды. «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының Астана филиалы нөмірі 68-665 әскери бөлімшесінде дәстүрлі ашық есік күнін ұйымдастырды. Мақсат - өскелең ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру. Сондай ақ бұл шара туған жерді қорғауға дайындық пен патриоттық сезімді қалыптастыруға бағытталған. Іс-шара «Ұлы дала елі» патриоттық жобасы аясында өтті.

Келушілер алдымен әскери техника мен қару-жарақ түрлерін тамашалады. Атыс қаруларын ұстап көруге рұқсат етілді. Әскерилердің аға буыны жас ұрпақты қару-жарақтың қыр-сырымен таныстырды. Бұдан соң сарбаздар әскери десанттық дайындықтарын паш етті. Нысанаға дөп тиюден сайысып, тұтқындағы адамдарды босатты. Атыс қаруын қаншалықты меңгергенін байқатып, лабиринтте соғысу тактикасын көрсетті. 

Раджан Жанысов, № 68665 әскери бөлімшесі № 36 десанттық-шабуылды бригада командирінің орынбасары:

Әлемде болып жатқан жағдайлар қашанда сақадай сай болуды талап етеді. Әскери дайындығымызды арттыра түсу үшін үнемі жаттығу өткіземіз. Бұрынғы тактика емес, қазір бәрі жаңаша өтеді. Десанттық шабуыл бригадасы жаудың күшін басуға бағытталған. Сондықтан кез келген тапсырманы орындауға дайын.

Әскерилер қоян-қолтық ұрыстан шеберліктерін паш етіп, жиналғандарға жауды жеңудің түрлі әдістерін көрсетті. Әскерде болмаған жастар үшін бұл керемет көрініс. Ең соңында сарбаздар террористердің шабуылына тойтарыс беріп, тұтқындағы адамдарды босату операциясын жүргізді. Нағыз әскери шабуыл осы жерде орын алды. Әскерилер автоматтармен қатар, жарылғыш заттарды да қолданып, көрермендерге шынайы көрініс сыйлады.

Нұрдәулет Кенжебай, «Жас Отан» ЖҚ Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары:

Әскер қатарында болмаған жастарға әскери өмірдің қызығушылығын, ҚР ішкі әскеріне деген абыройлы міндет екенін таныстыру. Әскерде болу - бұл қасиетті борыш, деп санаймын. Сондықтан да бұл қасиетті борышты әрбір қазақстандық жас өтеуі тиіс. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ