$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қызылордада ақын, жазушы, журналист Әскербек Рахымбекұлын еске алу кеші өтті

AstanaTV
25.11.2022ж. 20:00
3763
Қызылордада ақын, жазушы, журналист Әскербек Рахымбекұлын еске алу кеші өтті

Қызылордада ақын, жазушы, журналист Әскербек Рахымбекұлын еске алу кеші өтті. Ол тірі болғанда биыл 80 жасқа толатын еді. Кеште ақын өлеңдері оқылып, үзеңгілес достары естеліктермен бөлісті. Жарық көрген кітаптары мен мақалаларынан көрме ұйымдастырылды.

Қаламы қуатты қаламгер Әскербек Рахымбекұлы 1942 жылы Сыр топырағында туған. Тәңірдің берген талантымен талайды тамсандырған ол бірнеше жыр жинақтарын жарыққа шығарды. Журналистикада да қолтаңбасын қалдырды. Облыстық «Сыр бойы» газетінде қызмет атқарды. Дегенмен, ақындықтан қол үзген жоқ. «Екі перзент бар менде, бірі балам, бірі өлеңім әлдилеген деп» оны бәрінен биік қойды.

Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, Ә.РАХЫМБЕКҰЛЫНЫҢ ДОСЫ:

Өлеңге келген кезде алдына жан салмайтын. Ұйқас қумайтын. Бұның өлеңдері кәдімгі бір ұйқаспен кетеді. Бірақ дегенмен жүрегіңнің жібін қозғайтын өлеңдер жазды. Бұл бірден редактор болған жоқ. Аудандарға шықты. Әсіресе, репортаж жанрын өте қатты жазатын. Бүгінгі кеш ұрпақ сабақтастығының жалғауының бір ниті, фактрі болады ғой деп ойлаймын.

Саналы ғұмырын шығармашылыққа арнаған сыршыл ақын ішкі тебіренісін қаламына арқау етті. Қара өлеңнің құлагері атанып, 78 жасында дүниеден өтті. Туыстары оны тірісінде дүние емес, өшпес, құнды қазына жинаған адал жан еді деп еске алады.

Қабдеш ШАҒЫРОВ, Ә.РАХЫМБЕКҰЛЫНЫҢ ТУЫСЫ:

Қолына қара домбыраны алып, бір екі ауыз ән салатын. Жақсы әнші тұғын. Адамгершілік, жақсы, адамды тартатын, артық ауыз әңгіме айтпайды. Ешкімге қиянат жасамайды сондай таза адам тұғын. Еске алу кешін ұйымдастырып отырған барлық ұйымдастырушыларға айтар алғысымыз мол.

Еске алу кешіне жиналғандар ақынның өлеңдерімен сусындады. Үзеңгілес достары мен замандары естеліктерімен бөлісті. Ал ұйымдастырушылар алдағы уақытта Әскербек Рахымбекұлының туындыларын бір жинаққа топтастырылатындығын жеткізді.

Мира ҚАЗБЕКОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Оның еңбектерін кеңінен таныту мақсатында және насихаттау мақсатында Әскербек Рахымбекұлының 80 жылдығын арнайы ұйымдастырып отырмыз. Алда көптеген шығармаларын, туындыларын, келелі мақалаларын жинақтап, жинақ қылып шығаруды да жоспарлап отырмыз.

Аламанға өлең қосқан тұлпар жүрек тоқтағанымен, мұралары ешқашан өшпек емес.

М. Тоқтасынқызы