Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Бойжеткендер жігітті өзіне қарату үшін қара магияға жүгінеді

AstanaTV
28.11.2022ж. 20:00
3196
Бойжеткендер жігітті өзіне қарату үшін қара магияға жүгінеді

«50 мың теңге берсең, жігітің жіпсіз байланады». Қазір бойжеткендер жігітті өзіне қарату үшін қара магияға жүгінеді. Бақсы-балгерлердің сұрағанын беріп, сүйгенін уыста ұстағанды жөн көреді. Арасында көріпкел жағалап жүріп өзгенің айрандай ұйыған отбасын ойран ететіндер де көп. Сиқырға сеніп, көңілі ауған адамның басын айналдыру сәнге айналып кеткен бе? Әріптесім Аружан Задабек тәуіптермен тілдесіп, құнын сұрап көрді.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

«Жігітім тастап кетті. Көмектесіңізші» дейді. Қыздар, мен барлығыңызға көмектесемін! Қазір кішкене алаңдап отырсыз. Сүйгеніңіз өзіңізге қайтады, қорықпаңыз. Жігітіңізді қайтару үшін оның суретін маған жекеге жіберіңіз! Оқимын, сосын ол сізден кете алмай қалады. Бұрын кәсіпкерлер, я байлар бәсекелесін жолдан тайдырып, сүйгенін қайтару үшін киллер жалдайтын еді. Ал қазір бұған жаза қолданылатындықтан көбісі қолданбайды. Бүгінгілердің ермегі «қара магиямен» айналысу.

Әлеуметтік желіде балгермін деп, білгенін істеп жүргендер жетерлік. Сондай бақсылардың былығын ашу үшін ғаламторды жарып тұрған, тәуір деген тәуіптерді іріктеп алдым. «Тез арада жігітімді қайтарып беріңіз» деп талабымды төтесінен қойдым. Білгіш балгер сүйгеніңді қайтарғың келсе 10 мың теңге сал – деді. Нәтиже бір апта мен бір айдың ішінде болады деп уәде берді.

Тәуіптердің қызмет құнын білу үшін тағы бір балгерге хабарластым. Күйеуге шыққым келетінін айтып едім, айтқанымды орындасаң бір айдың ішінде ақ келін атанасын деді.

Психотерапевт Лаура Жексембаева адамдар көріпкелдің алдына өмірден соққы алып, өзегі талғанда, байлығынан айырылып, бақытын жоғалтқанда көп баратынын айтты. Осылайша олар басына түскен проблемаларды жеңілдетеді.

Лаура ЖЕКСЕМБАЕВА, ПСИХОТЕРАПЕВТ:

Адам тіректі сырттан іздей бастайды. Яғни, қандай да бір бақсы оған «мен сенің мәселеңді шешіп беремін, көмектесемін» - деп үміт сыйлайтын болса ол адам тез монипуляцияға ұшырап, оның айтқанынын барлығын істеуге көндігеді.

Ал, дін өкілдері ашылмай жүрген бағыңызды «ашып», болашақ жарыңызды «тауып», ауырған басыңызды «жазып», сүйгеніңізді құрыққа түсіремін дегендерден аулақ болуға шақырады. Себебі, сиқыр жасау адамның өзі үшін өте қауіпті екенін айтады.

Әділхан СЕРІКБАЙ, «ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІНІҢ НАИБ ИМАМЫ:

Сиқырлау бар екендігі жайлы осы «Фәлақ» сүресінде де айтылған. Алла тағаладан, «Алла, түйіндерге түйін жасап, адамдарға бір сиқыр жасайтындардың сиқырынан мені сақтай гөр» деген мағына. Сондықтан осы «Фәлақ» сүресін және «Нас» сүресін оқып, сиқырлардан арылуға болады.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Мен хабарласқан балгердің бірі тез тұрмыс құрудың жолын айтты. Ол үшін орамалға тұз салып, батыс жаққа бет бұрып, теріс қарап «тезірек тұрмыс құрайын» деп тілек айтып лақтыру керек. Енді нәтижесін 1 ай күтеміз. Айтудың өзі күлкілі. Бірақ осыған сеніп сан соғып қалатындар көп. Өйткені көпті алдайтын көріпкелдерге құрық салатын заң әзірге біздің елде болмай тұр.

А. Задабек