Денсаулығың жақсы деген анықтама 5 мың теңге тұрады! Дәрігер жағаламайсың, кезекке тұрмайсың, үйде шалқайып жатасың, ал құжатың бір күнде дайын болады. Елімізде жалған медициналық анықтама сататындар жиілеген. Алаяқтар телефон арқылы тілдесіп, онлайн отырып-ақ жағдайыңның оң болуын теңге арқылы шешеді. Адам денсаулығын кәсіпке айналдырғандар неге көбейіп кетті? Толғырақ Аружан Задабектің материалында.
Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
«Хирургқа кірдім. Енді маған невропатологқа бару керек». Осылай дәрігерлердің есігін қайта-қайта қаққысы келмейтін адамдар қажет кезде ғана медициналық анықтаманы сатып алады. Олар, әсіресе, өз денсаулығына немқұрайлы қарайтын адамдар.
Әлеуметтік желіде анықтама сату – табыс табудың көзіне айналғалы қашан?! Жарнамадағы нөмерге шыр етіп телефон шалсаңыз, бірден көмектесуге әзір. Солардың біріне біз де қоңырау шалып көрдік. Жеке куәлігіңіздің суреті мен қалтаңызда қаржыңыз болса, бір күннің ішінде «жағдайы жақсы» деген анықтаманы қолыңызға түсіресіз - деді.
Басқа түссе баспақшыл. Жалған медициналық анықтаманың бағасы 5 мың теңгеден, 15 мыңға дейін барады. Десе де, халық тегін берілетін құжатты, керісінше, сатып алуды жөн көреді.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
-Оңай болу үшін халық сатып алады. Дәрігерлердің артынан жүгіргісі келмейді. Уақыттарын құртқысы келмейді. Ауруханаға барсаң, 4-5 сағат жүресің ғой.
-Может асығыстық шығар. Срочно істету керек болатын шығар, сол үшін шығар.
-Өте қиын дәрігерге кіру. Ары-бері жүгіртеді адамды.
Ал дәрігерлер бұл пікірмен келіспейді. Айтуларынша, тексерістен өту көп уақыт пен ұзын-сонар кезек күтуді талап етпейді. Мәселе – адамның өзінде. Тұрғындар анықтама алу жолын дұрыс түсінбегендіктен, көбінесе бәрін ақшамен шешуге тырысады.
Абзал ОРЫНБАСАРОВ, ҚАЛАЛЫҚ №7 ЕМХАНА ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Жалған анықтамаларға сұраныс көп болғандықтан, әсіресе, қаламызға келетін шет аумақтардан келетін азаматтар, жұмысқа орналасқысы келетін азаматтар қалай медициналық анықтаманы дұрыс алу керектігін білмегеннен кейін осындай алаяқтардың қолына түсіп қалады деп айтуымызға болады.
Мұндай жеңіл жолмен ақша тауып, беттің арын белге байлап жүргендер жетерлік. Ұсталып жатқандары да бар. Күні кеше Астанада жалған анықтама сатқан екі адам ұсталды.
Нұрлан ЖҰМАНАЗАРОВ, АСТАНА қ. КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛIМ БАСТЫҒЫ:
Екі медициналық орталықтың басшылары ұсталды. Тінту барысында медициналық мөртабандар, медициналық анықтамалардың үзбелі түбіртектері, тіркеу журналдары, медициналық кітапшалар, толтырылған және еңбекке жарамсыздық парақтары тәркіленді.
Сондай-ақ, тексеру барысында клиенттердің жұмысқа орналасу және жүргізуші куәлігін алу үшін медициналық анықтамаларға тапсырыс бергені анықталған.
А. Задабек