Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Франция Қазақстанға 17 миллиард доллар инвестиция құйды

AstanaTV
29.11.2022ж. 20:00
2839
Франция Қазақстанға 17 миллиард доллар инвестиция құйды

Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Францияға барды. Мемлекет басшысы бүгін Франция Президент Эмманюэль Макронмен кездесіп, бірқатар мәселелерді талқылады. Содан кейін, Францияның іскер топ өкілдерімен кездесті.

Франция батыс елдерінің арасында ең алғаш болып, 1992 жылы 25 қаңтарда Қазақстанның егемендігін мойындады. Мемлекет басшысының Ресейден кейінгі сапарының Еуропада жалғасуына қатысты әлемдік сарапшылардың пікірі әр алуан.

Микаэль ЛЕВИСТОН, ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРДЫ ЗЕРТТЕУДІҢ АВТОРЫ:

Қазақстан «Қазатомөнеркәсіп» тау-кен холдингі арқылы уранды экспорттаушы жетекші ел екендігін көрсетті. Экспорттың 40 проценті осы мемлекетке тиесілі. Ал Франция атом электр станциясын сатып алу перспективасына мүдделі Қазақстанға өз тәжірибесімен бөліседі.

Франция Президенті Эмманюэль Макрон АҚШ тағы кездесуін кейінге қалдырып, Қазақстан Президентін өзі күтіп алып, ерекше құрмет көрсетті. Кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Айта кету керек, Франция 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына жалпы көлемі 17 миллиард доллар инвестиция құйып, ең ірі бес инвестор елдің қатарына кірді. Соңғы 9 айда екіжақты тауар айналымы 2,5 миллиард долларға жетті. Бұл былтырғы көрсеткіштен 6,1 процентке жоғары. Францияның Орталық Азия елдерімен жасаған сауда-саттығының 90 проценті Қазақстанға тиесілі.

Қазақстан Францияға шикі мұнай, уран, титан, күкірт, сутегі, инертті газ, электр қозғалтқыштары мен генератор экспорттайды. Ал, биылғы жылдың тоғыз айында Франциядан Қазақстанға импортталған тауар 8,1%-ке өсіп, 512,6 млн долларды құрады.

Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Қазақстанмен жасалған жаңа шарттар Парижге Орталық Азиядағы ықпалын кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл сапар екі ел арасындағы экономиканы нығайтпақ.

Айдар ҚҰРМАШЕВ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САРАПШЫ:

Қазақстан мен Еуропалық Одақ мемлекеттерінің байланысының нығаюы әрине осы геосаяси жағдайдағы ахуалға байланысты болып отыр деп айтуға болады. Осы орайда Қазақстанның позициясы ол көліктік дәліздердің дизивикациялануы. Және жан-жақты дамуы болып отыр. Сондықтан да Еуропалық әріптестерімізбен осындай байланыстарды тіпті президенттік деңгейде байланысты орнату өте қажет болып отыр.

Екі ел арасындағы алыс-беріс көбейеді. Серіктестікті жалғастырып, білім, мәдениет саласындағы байланысты да арттырмақ.

Ә. Дүкембаева