$523.58 €549.71 ₽5.01
×

Астанада Матаев ісіне қатысты сот тыңдалымы басталды

AstanaTV
03.08.2016ж. 20:00
2551
Астанада Матаев ісіне қатысты сот тыңдалымы басталды

Бүгін Астанадағы Есіл аудандық №2 сотында Сейітқазы Матаевтың ісіне қатысты сот тыңдалымы басталды. Айыпталушылар қатарында оның ұлы Әсет Матаев та бар. Ол «алаяқтық» дерегі бойынша күдікке ілінген. Бұған дейін олар Алматы қаласы Медеу аудандық сотының ұйғарымымен үй қамақта отырды. Бірақ негізгі сот процесі Астанада өтіп жатыр. Олар Елордаға ұшақпен жеткізілген. Сотта екеуін 3 адвокат қорғауы тиіс.

Тыңдалым басында судья Ақболат Құрмантаевқа бірнеше өтініш жасалды. Мәселен, қорғаушылары, Сейітқазы Матаевтың денсаулығына байланысты тыңдалым аяқталғанға дейін туыстарының үйінде тұруына, соттан рұқсат сұраған. Ол үшін әкімшілік сотқа 500 айлық есептік көрсеткіш шамасында қаржы да төленіпті. Алайда, судья  бұл өтінішті қанағаттандырмай тастады. Тек "сот аяқталғанға дейін залда жедел жәрдем қызметкері отырса" деген өтінішті ғана қабыл алған. Істе 47 куәгер тыңдалмақ. Айта кетейік, соңғы уақытта Сейітқазы Матаевтың жүрегі сыр беріп, қан қысымы да көтерілетін болған.

Андрей Петров, адвокат:

Шешім дұрыс жасалмады деген пікірдемін. Тыңдалым барысында келтірген деректеріміз заң шеңберінде болды. Тергеу деректері бойынша, қылмыстың барлығы  Алматыда тіркелген. Сондықтан сот тыңдалымы да Алматыда өтуі керек еді деп есептейтін. Енді 23-ші тамызға дейін уақытымыз бар. Сотқа осындай бірқатар тұстарды қайта қарауға өтініш білдіреміз.

Ержан Құрақбаев, прокурор:

Қылмыстық кодекстің 314 бабына сәйкес, іс қылмыс орын алған жерде қаралуы тиіс. Сотқа дейінгі тергеу барысында анықталғандай, бюджет қаржысын жымқыру мен салықтан жалтару дерегі Астана қаласындағы осы Есіл ауданының аумағында тіркелген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросы департаментінің мәліметінше, Сейітқазы Матаевқа «бюджет қаржысын жымқырды», «аса ірі көлемде салық төлеуден жалтарды» деген айып тағылды. 

Еске салайық, ақпанда Алматыдағы Медеу аудандық сотының шешімімен Сейітқазы Матаев, ал наурызда Әсет Матаев үй қамаққа алынған.  Егер кінәлары дәлелденсе, оларға 6-дан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. 

Құралай ПИОНЕР