$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қазақстанда қайта кешенді тестілеу бастау алды

AstanaTV
03.08.2016ж. 20:00
3770
Қазақстанда қайта кешенді тестілеу бастау алды

Республика бойынша қайта кешенді тестілеуге құжаттар қабылдау басталды. Мұндай шара елімізде тұңғыш рет өткелі отыр. Оған Ұлттық бірыңғай тестілеуде тиісті межені бағындыра алмай сүрінген түлектер қатыса алады. Бұл жоғарғы білім аламын деген талапкерлер үшін зор мүмкіндік. Байқауда бағын сынап жолы болған бітірушілер мемлекеттік оқу грантына ие бола ма? Бұл тестілеудің Ұлттық біріңғай тестілеуден өзгешілігі қандай? Оны Берік Хасенов біліп қайтты.

Бұл осыдан екі ай бұрынғы жағдай. Еліміз бойынша 84 мыңнан астам мектеп бітіруші Ұлттық біріңғай тестілеуде білімімен қоса бағын да сынаған сәт. Бірінің бәсі биік болса, енді бірі түрлі себептермен сынақтан өте алмай жатты. Бұған дейінгі ереже бойынша тесттен сүрінгендер мемлекеттік грантты иелену үшін бір жыл күтуі керек еді. Бірақ, биыл тәртіп өзгерді, сынақтан өтпеген талапкерлер қайта тестілеуден өтуге мүмкіндік алды. Бүгінде тиісті өтініштерді қабылдау  басталып та кеткен.

Мұрат Айтөреев, қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы:

Жалпы құжаттарды тапсыру мерзімі 1-ші жыне 8-ші тамыз аралығында. Кешенді тестілеуге  қатыспаған талапкерлер, сонымен қатар қатысып өту баллын жинай алмаған және тест нәтижелері жойылған талапкерлер қатысады. Бұл жерде тапсыру ақылы түрде. Талапкерлер 2242 теңге төлеп тестте өз бағын сынай алады.

Биыл Ұлттық біріңғай тестілеуге 84 079 бітіруші қатысқан. Тестілеу нәтижесі бойынша шекті 50 баллды 14 252 түлек жинай алмады. Ал, 38 бітіруші тестілеуден шығарылып, нәтижелері жойылған. Бұдан бөлек 19-22 шілде аралығында колледж түлектері мен былтырғы Ұлттық біріңғай тестілеуде сүрінген 75 423 талапкер «кешенді тестілеу» тапсырды. Оның ішінде 47 140 түлек шекті 50 баллды жинай алмаған. Тестілеуде тыйым салынған заттарды қолданған 542 талапкер тестілеуден шығарылған.

Бауыржан Алмаз, тест тапсырушы:

Мен ЕНТ-ға қатыспадым. Себебі мен шетелде оқығым келді. Бірақ кейін үйдегі жағдайларға байланысты Қазақстанда қалу керек болды. Мен сияқтыларға, өздерінің проблемалары болған адамдарға үлкен мүмкіндік. Өйткені адамның ойы әр уақытта өзгереді. Оларға да тиімді ғой екінші мүмкіндік беріп отырғандары.

Ұлттық тестілеу орталығының ақпараты бойынша қайта тестілеуде де Ұлттық біріңғай тестілеудегідей қатаң тәртіп сақталады. Металл іздегіш, ұялы телефон желісі бұғатталады екен. Десе де, талапкерлер үшін бұл сынақтың осының алдындағы ҰБТ-дан басты ерекшелігі бар.

Айнұр Қоңыратова, Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығы ақпараттық-сараптамалық бөлімінің жетекшісі:

Қайта тестілеуге қатысатын талапкерлер мемлекеттік грантқа ие бола алмайды. Мейлі қандай жоғары балл жинаса да. Олар тек ақылы оқуға түсуге мүмкіндік алады.

Қайта тестілеуге құжаттарды қабылдау 8-ші тамыз күні аяқталады. Ал тестілеу тамыздың 19-ымен 24-ші тамыз аралығында өтеді.

Берік ХАСЕНОВ