Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Атырауда шетелдік демалыс үшін миллиондап ақша салған тұрғындар сан соғып қалды

AstanaTV
05.12.2022ж. 20:00
983
Атырауда шетелдік демалыс үшін миллиондап ақша салған тұрғындар сан соғып қалды

Турагенттік тақырға отырғызды. Атырауда шетелдік демалыс үшін миллиондап ақша салған тұрғындар сан соғып қалды. Ал туристік агенттік басшысы қомақты қаржыны қалтасына басып, Алматыға тайып тұрған. Демалыссыз қалған атыраулықтар қаржысын қайтармақ түгілі, қылмыстық істің жүрмей тұрғанына наразы. Олар шағым айтуға прокуратураға жиналды.

Назерке Серікбай болашақ жолдасы екеуі бал айын Египетте өткізбекші болады. Туыстары тойларына тарту ретінде 720 мың теңгеге тур сатып алып берген. Алайда жас-жұбайлардың бұл арманы орындалмады.

Назерке СЕРІКБАЙ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

26 тамыз күні екеумізге телефон соғып турагенттіктің менеждері бізді қабылдаған адам телефон соғып біздің ешқайда ұша алмайтынымызды, ақшамыздың қайтарылмайтынын, директоры ақшамызды алып алматыға кетіп қалғанын айтады.

Назеркеден бөлек 30 шақты атыраулыққа «Инфинити Тревал М» деп аталатын туристік агенттік теңіз жағасында қыздырынуды емес, прокуратура табалдырығын тоздыруды сыйлап кеткен. Агенттікке алданғандар құзырлы орган заңды белшеден басқан агенттік басшысын жауапқа тартудың орнына, істі қысқартып тастады,- деп ашулы.

Мәдина МЫРЗАХМЕТОВА, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біз 3 ай бұрын сатып алдық. Сол уақытқа еңбек демалысын алдық. 1 миллион 1жүз мың теңге ақша салдық. Қолымызда чегіміз, келісім-шартымыз бар. Бейресми ақпараттан істің жабылғанын біліп отырмыз. Тергеуші қаулы туралы түсіндірмек түгілі, хабарлама да жібермеді. Бұл қаулымен келіспейміз.

Ерназар ҚҰСАЙЫНОВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Екі талап: Марта Нам деген кісі бізге ақшасыды қайтарады. 25 млн теңгеден астам сумма, одан басқа да білмей жатқан адамдар көп. Либо түрмеге отырсын минимум 10 жыл отырсын.

Әлеуметтік желідегі жарнамаға қызығып, демаламыз деп дәмеленгендер турагенттік басшысын іздеп үйін де барған. Тірі жан таппаған. Тергеу азаматтық тәртіпте қаралуға жатады деп, қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылдаған. Ал прокурорлар арыз түскен соң қайтадан тергеуге жіберіпті. Қазір Қылмықтық кодекстің 190 «Алаяқтық» бабымен іс тергеліп жатыр.

Хәкімбек АТАДУСОВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ БӨЛІМ ПРОКУРОРЫ:

Арыздың және қылмыстық істің зерделеу нәтижесімен және тұрғындардың жәбірленушілердің арыз шағымдарымен қылмыстық іс тоқтату туралы шешім күші жойылып, қосымша тергеп -тексеруге жолданды. Тергеп тексеру нәтижесімен қылмыстық іс бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданатын болады.

Прокурорлардың мәліметінше, турагенттік 2018 жылы ашылған. Қазір жұмысы тоқтап тұр. Әзірге отыздан астам жәбірленушіге 30 млн теңгеден астам шығын келгені белгілі.

Б. Надірқызы