Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Ақтөбе облысында екі қабатты тұрғын үй өртеніп 4 отбасы баспанасыз

AstanaTV
08.12.2022ж. 20:00
1594
Ақтөбе облысында екі қабатты тұрғын үй өртеніп 4 отбасы баспанасыз

Соңғы кездері ел аумағында өрт оқиғалары жиіледі. Қауіптісі сол қызыл жалын көбіне тұрғын үйлерде тұтанып жатыр. Мамандар көп жағдайда өрттің шығу себебі электр сымдарының қысқа тұйықталуынан болады, дейді. Төтенше

жағдайлар министрлігінің дерегінше, жылыту маусымы басталғалы тұрғын үй секторларында мың жарымға жуық өрт фактісі тіркеліп, салдарынан 42 адам қаза тапты. Тілсіз жаудан жапа шеккендермен тілдескен тілшілерді тыңдайық.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Павлодарда қонақ үйде өрт шығып, бір адам уланып қалды. Тілсіз жау түн ішінде болған. Сол сәтте қонақ үйде 220 адам болыпты. Барлығы қауіпсіз жерге шығарылды. Оның 10-ы бала.

Ренат ВАЛИШАНОВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ ТЖ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Оқиға орнына 5 техника мен 25 өрт сөндіруші жұмылдырылды. Тілсіз жау қонақ үйдің жертөлесінде болған. 8 шаршы метр жерде үй заттары, жиһаз жанған. Өрт тез арада ауыздықталды. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

Өрттен уланып қалған 53 жастағы ер адам қалалық ауруханаға жатқызылды.

Мақпал ҚАРЖАУБАЙ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Зардап шеккен 1969 жылғы ер адам қалалық 1 ауруханаға жеткізілді терапия бөліміне. Қазіргі уақытта жағдайы орташа.

Ал Ақтоғай ауданында әкімшілік ғимараттардың бірінде кеңсе өртенді. Өрт сөндірушілер келгенге дейін 60 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Зардап шеккендер жоқ.

Ілияс ГУСЕЙІНОВ, АҚТОҒАЙ АУДАНДЫҚ ТЖ БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ:

Мұнда кеңсе жиһаздары, пластикалық терезе мен төбе жабындылары жанған. Өрт шығу себебі анықталуда. Шығын көлемі есептелініп жатыр.

Өзгеріс ҚУАНАР – ТІЛШІ:

Алдын ала болжам бойынша тілсіз жау тоқ сымдарының тұйықталуынан болуы мүмкін. Сондықтан, мамандар қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды сұрайды. Ақтөбеде де екі қабатты үйден өрт шықты. Бақыт, қақаған аязда далада қалғандардың жағдайы не болмақ?

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Рақмет Өзгеріс. Ақтөбе облысы Темір ауданы Саркөл ауылында екі қабатты үйден өрт шығып, төрт бірдей отбасы қақаған аязда далада қалды. Қазір өрттің шығу себебі мен салдары анықталып жатыр.

Өрт түскі бірдің шамасында екі қабатты тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінен басталған. Қызыл жалын қырық шаршы метр аумақты шарпыған. Өрттен зардап шеккендер жоқ.

Азамат ЖҰМАБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ТЖД МЕМЛЕКЕТТІК ӨРТ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Құтқарушылар шақырту орнына барған кезде Саркөл ауылы Сатбаев көшесі 38 үй екі қатарлы үйдің 4 пәтерінен түтін шығып жатқандығы анықталды. Өрт 15.30 ауыздықталды. Өрттің шығу себебі анықталуда.

Алдын ала болжам бойынша өрт электр қуатының қысқа тұйықталуынан болуы мүмкін. Бұл тұрғын үй алпысыншы жылдары салынған. Екі жыл бұрын апатты жағдайда деп танылған екен. Өрттің салдарынан енді төрт отбасы қазір баспанасыз қалды.

Жандәурен ҚОЙШЫБАЕВ, ТЕМІР АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жағдай аудан әкімдігінің тұрақты бақылауында. Өрт салдарынан зардап шеккен пәтер иелеріне жан-жақты көмек көрсетілуде.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Өрттен зардап шеккендерге алдағы уақытта баспана берілетін болды. Әзірге әкімдік тарапынан бір жолғы материалдық көмек көрсетілген. Абзал сөз кезегі өзіңде ....

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Петропавлда жатақхана өртеніп, салдарынан екі адам зардап шекті. Өрт кеше кешқұрым Пушкин көшесінде болды. Бес қабатты үйдегі пәтерлердің бірінен шыққан. Жалынның лаулап жатқанын көршілер байқап, бірден құтқарушыларды шақыртқан. Төтенше жағдай мамандары отқа оранған баспанадан бес адамды алып шықты. Оның екеуі 48 жастағы әйел мен 80 жастағы әжей түтінге уланып, ауруханаға түсті. Дәрігерлер олардың жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр. Ал құзырлы орган өрттің себебін анықтап жатыр.

Болат ЖҰМАЖАНОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ БІРІНШІ ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Екінші қабатта өрт шықты деп анықталды. Оны сөндіруге бір группа берілді. Бес адам құтқарылды. Және тағы бес адам таза ауаға өздері шықты. Жергілікті органдармен далаға шығарылған адамдар автобусқа жылы жерге отырғызылды.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Жалпы биыл өрт өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға азайған. Жыл басынан бері 623 өрт тіркеліп, 34 адам бақилық болды.

Ө. Қуанар