Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Білім гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтті

AstanaTV
04.08.2016ж. 20:00
3114
Білім гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтті

Білім гранттарына ие болған түлектер тізімі 12 тамызға дейін жарияланады. Бұл жөнінде Астанада Білім гранттарын бөлу жөніндегі республикалық конкурстық комиссияның өкілдері айтты. Биыл тегін оқу грантын алуға үміткерлер қатары 60 мыңға жуықтайды. Олардың 47 342-сі қазақ тілінде, 12 335-і орыс тілінде мектеп бітірушілер.

Биыл 31 702 мемлекеттік грант бөлінген. Оның 2950-і жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдеріне білім алуға, 28 752 грант 1 курсқа оқуға қабылдауға бөлінген. Күндізгі оқу бөліміне - 28 452, сырттай оқу бөліміне - 300 грант. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев биыл техникалық және технологиялық мамандықтарға 12 593 грант бөлінгенін айтты. Ал педагогикалық мамандықтарға шамамен 5 мың грант қаралса, ауыл шаруашылық және мал дәрігерлік мамандықтарына шамамен 2 690 грант бөлініпті. Медициналық мамандықтарға құжат тапсырған талапкерлер мемлекеттің 3 мың оқу грантын жеңіп алу үшін бағын сынайды. Сондай-ақ, биыл грант бөлуде бірқатар жаңашылдықтар енген.

Эльмира Суханбердиева, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:

Мына колледж бітіріп, бір жылдық жұмыс тәжірибелері бар балаларға жеңілдіктер жасалған. 

Арнайы сараптаманың нәтижесінде жастар арасында үлкен сұранысқа ие мамандықтар белгілі болды. Жылдағы дәстүрге сай биыл да аударма ісі мамандығында конкурс жоғары болатын түрі бар, онда қазақ бөлімінде 1 орынға 16 адам таласса, орыс бөлімінде 1 орынға 24 адам таласады. «Стоматология» мамандығы бойынша бір орынға 15 адам. Қазақ бөлімінде «География» бағыты бойынша бір орынға 28 адам таласады, «Алғашқы әскери дайындық»  мамандығына бір орынға 22 адам, «Музыкалық білім беруге» - 18, «Бейнелеу өнері» - 14, «Педагогика мен психология» мамандығына 12 адам білім бәсекесіне қатыспақ.

Гүлзат Көбенова, ҚР БҒМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаменті директорының міндетін атқарушы:

Педагогикалық мамандықтарға, техникалық мамандықтарға сұраныс жоғары. Сонымен қатар медициналық және соңғы жылдары ауыл шаруашылық мамандықтарына деген сұраныс өсіп келеді. 1 орынға 22 -23 талапкер таласып отырған жерде қуануға болады.