Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

TikTok қандай тәрбие береді?

AstanaTV
13.12.2022ж. 20:00
2140
TikTok қандай тәрбие береді?

Әлем бойынша İnstagram және Facebook сынды әлеуметтік желілерді басып озған TİK-TOK-ты көбіне жасаөспірімдер қолданады. 2016-жылы пайда болған бұл желіні қолданушылар қызықты видео түсіру арқылы өздеріне оқырман жинайды. Біреулер үшін қызығушылық болса, біреулер мұны табыс көзіне айналдырған. Қазір ТІК-ТОК-тың аудиториясы миллиардтан асады. Әріптесім Ақбота Базарбай жастарды желіктірген бұл желінің пайдасы мен зиян тұстарын зерттеп көрді.

Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Қазір желідегі өмір мен месенджерлер маза бермейтін уақыт. Күні-түні телефонға телміру, қуаттағышты қойып алып, смартфонды аңду. Құдды бірдеңеден құр қалғандай инстаграм, тикток ақтару. Неше түрліні көріп алып, қиял құшағына еніп кетеміз.

Тиктоктағы трендті түсіремін дегендер бірнеше ай би қимылдарын үйреніп, елдің назарын аудару үшін қауіпті әрекеттерге де барады. Тренд түсіремін деп құрбан болғандар да аз емес. Ақтауда жасөспірім тиктокқа видео түсіремін деп, теңізге секіріп мерт болды. Ал Таразда 9 сынып оқушысы дәл осы желіні таңқалдырамын деп тоққа түсіп көз жұмды.

Ал видеосы ойдағыдай шықпаса немесе музыкаға іс-қимылы сәйкес келмесе жастар ашуға булығады. Мұның өзі жасөспірімдер мен жастардың психологиясы мен жүйке жүйесіне едәуір зиянын келтіреді дейді психолог.

Анаргүл ИБРАИМБЕКОВА, ПСИХОЛОГ:

Адамдар өздерін басқалармен салыстырады. Дәл осындай бір әрекеттерді жасауға құлшынысы оянады. Соның негізінде ашушаңдық, қызғаныш сияқты қасиеттері дами түсуі әбден мүмкін.

Атауы көңілге күдік ұялатпағанымен, ішіндегі дүние жаға ұстатады. Небір дүние жылт етіп экран бетіне шығады. Ненің ақ, ненің қара екенін білмейтін жеткіншек олардың әрекетін қайталайды.

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:

Балалар үшін контенттердің әртүрлілігі, ол жердегі адамдардың деңгейі өте қауіпті. Олардың жан-дүниесіне кері әсер етуі мүмкін, көзқарасына кері әсер етуі мүмкін. Бала тұрмақ үлкендердің өзіне кері әсер етеді, қазір бір қызық заманда өмір сүріп жатырмыз ғой. Өзгелер не айтса соның бәріне сеніп қалатын.

Әлеуметтік желінің өзіне тартатын бір түсініксіз тылсымы бар дейді көпшілік. Сондықтан одан кете алмай жүргендер көп.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

-Уақыт алып қояды, сондықтан өшіріп тастадым. Бір ай болды. Тартқым келеді, анда-санда көргім келеді. Бірақ амал жоқ, оқу керек қой енді. Сондықтан өшіріп тастадым.

-5 сағат точно өткіземін тиктокта. Үйренетін заттар көп, жағымсыз әсерлері де бар. Артық мөлшерде көптеген дұрыс емес видеолар шығып кетеді.

-Үйге барғанда арасында қараймыз. 1-1,5 сағат көлемінде тиктокты.

Еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін Тик-Ток қолданушыларына айналды. Сондықтан әрбір ата-ана баласының не істеп, не үйреніп жатқанын біліп отырса дейді мамандар. Себебі тик-ток әзір жойыла қоймайтын сияқты.

А. Базарбай