Спорт Қазақстан
$439.4 €473.54 ₽4.76
×

«Халық «бомж» боп жүр», - А.Перуашев

AstanaTV
14.12.2022ж. 20:00
2274
«Халық «бомж» боп жүр», - А.Перуашев

Халық «бомж» боп жүр. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев осылай деді. Елімізде несие проценті шарықтап, банктер халықты қанап жатыр. Кредитті алуына алып, бірақ төлей алмай жүрген қанша адам бар. Олардың мәселесін шешу үшін «Жеке азаматтардың банкроттығы туралы» мәселе қаралуда. Бүгін депутаттар заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

«Айта-айта несиені, Жамал апай да шаршады». Банкроттық туралы заңның қаралып жатқанына қанша уақыт болды? Тіпті, министрдің өзі әлі күнге дейін тек мәселенің салдарымен күресіп жүргенін жасырмады.

Ерұлан ЖАМАУБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ,ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:

Ертең сол 200 мың теңге үшін өзін-өзі банкрот деп жариялаудың қандай жақсылығы бар оның артында. Оны да ойлану керек салдарын.

Депутат Ерлан Саиров бұл заңды бүкіл жұрт күтіп отыр дейді. Сондықтан мәселені майшаммен қарау керек екенін ескертті. Ол министр айтқан үш рәсімнің шикі екенін айтып, шүйлікті.

Ерлан САИРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Заңды жасау кезінде сол бұрынғы банктердің белгілі-бір лобиі бар тәрізді. Міне, қазіргі таңда бұл заңды халықтың бәрі күтіп отыр. Осы мәселе бойынша. Яғни, біз осы әрбір азаматтардың жалғыз үй мәселесін шешуіміз керек. Олар жаңағы банкке залокка берілмеу керек.

Елімізде 31 мың адам банкрот болуы мүмкін. Заң күшіне енгеннен кейін онсыз да күн көруі қиын мыңдаған адам бір мезетте сотқа жүгінері анық. Ал жоғарғы сот оған дайын ба?

Қайта-қайта кешірім сұраған орынбасар қазақшадан қысылып, әбден әбігерге түсті. Әттең, ана тілінде жауап беруге тырысып еді, болмады...

Елдос ЖҰМАҚСАНОВ, ҚР ЖОҒАРҒЫ СОТ АППАРАТЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біз мұндай істерді атқаруға толық дайынбыз. Практика бар.

Халық «бомж» боп жүр деген депутат банкроттық туралы мәселе 2013 жылдан бері талқыланып келе жатқанын айтады. Бірақ ешқандай нәтиже болмаған. Биыл Президент тапсырмасымен қайта қолға алынды. Оның өзінде әлі нақты шешім жоқ.

Азат ПЕРУАШЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «АҚ ЖОЛ» ҚДП ТӨРАҒАСЫ:

Біз халықтың одан әрі «бомж» болуына қарап отыра береміз ба? Оған жол беруге болмайды. Елдегі экономикалық жағдай қиындаған кезде, біраз адам жұмыссыз қалды. Сол кезде бәрі жаппай кредит алды. Кепілге бар дүние-мүлкін қойды. Енді біз соған қарамастан, халықтың барынан айырылып, далада қаңғырып жүруіне қалай көз жұма қараймыз? Тез арада шешімін табу керек.

Банкрот деп танылған тұлғалардың берешектері шегерілгенімен, бірқатар шектеу бар. Ол азаматтарға 5 жыл несие берілмейді. Шетелге шыға алмайды.

А. Задабек