Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Суретші Кәріпбек Күйіков абақтыда шеберлік сабағын өткізді

AstanaTV
15.12.2022ж. 20:00
1323
Суретші Кәріпбек Күйіков абақтыда шеберлік сабағын өткізді

Қарағанды облысында сотталғандарды танымал тұлғалар арқылы тәрбиелеу қолға алынды. Төтенше қауіпсіздіктегі абақтыға алғашқылардың бірі болып әйгілі суретші Кәріпбек Күйіков шақырылды. Сотталғандарға үміт сыйлаған кездесуге тілшіміз Айжан Қуаш қатысты.

Туғаннан қолы жоқ суретші қылқаламды тісімен және аяқтарының башпайымен қысып сурет салады. Семей полигонынан жапа шексе де сау адамның қолынан келмейтін жетістікке жетіп, әлемге танылған ол темір тордағы азаматтарға шеберлік сабағын өткізді. Сахнада аузымен қысқы табиғатты салып шықты. Абақтыдағыларды барынша жігерлендіруге тырысты.

Кәріпбек КҮЙІКОВ, СУРЕТШІ, «АТОМ» ЖОБАСЫНЫҢ ЕЛШІСІ:

Мен бүгін өмірде қателескен жандарға өз өмір-баянымды әңгімелеу арқылы кез келген тығырықтан шығуға болатынын айттым. Мен де көп қиын жағдайларға тап болдым. Бірақ қарап отырмай талпындым. Адам артына қарап өмір бойы қандай жүк арқалап жүрмін, осы жүкпен кетем бе дегенді ойлау керек. Бір адам саған күліп қараса риза болса, онда ол күннің бекер өтпегені.

Абақтыдағылар Кәріпбек Күйіковтің күш-жігеріне тәнті болды. Әсіресе, түзету мекемесіндегі шағын шеберхана суретшілері ерекше шабыттанғандарын жасыра алмады.

Нұрлан ЕСМАҒАМБЕТОВ, ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІ:

Үлкен қуаныш қой. Осындай адамдар бар екен. Мен өте қатты таң қалдым. Егер осындай адам осындай дәрежеге жетсе бізде бәрі бар мысалы. Өмірлік көзқарасым бәрі өзгереді. Осы жаққа келіп тоқтамаймын сурет салып кеттім. Көп көмектесті бұл.

68 жастағы Жақпар Әмірәлин суретті жан-тыныштығы мен күйзеліспен күресу үшін салады. Бостандықта көрменің не екенін білмейтін ол қылқаламмен абақтыда мықтап достасқан. Табиғатты көзбен көрмесе де елестетіп бейнелейді. Мерзімінен бұрын босап шықсам өнерімді жалғастырып, нәпақа тапсам деген жоспары да бар екен.

Жақпар ӘМІРӘЛИН, ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІ:

Қалай айтсам екен ауызбен жеткізе алмаймын да. Осы бірінші рет кездесіп тұрғаным, астында тұрды ғой суреттері қандай керемет қылып салып неткен.

Бекболат БУРЛИНОВ, ҚАЖД 29 ТӨТЕНШЕ ҚАУІПСІЗДІКТЕГІ ТҮЗЕТУ МЕКЕМЕСІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл кісі сотталғандарға өте үлкен мотивация береді деп ойлаймын. Қолы жоқ болса да аузымен, екі аяғымен қандай танымал суреттер салады, бар әлемге танымал суретті. Қандай жағдайда болмаса да өзін жоғалтпауға бұл өмірде біздің сотталғандарға, бірінші мақсат ол ертең босағаннан кейін өз-өзін табуға жаңағы қазіргі заманда.

Кездесуде даналыққа толы ақыл-кеңесін айтып, қолы қойылған суретін сотталғандарға естелікке қалдырды. Сондай-ақ, сурет өнеріне қызығушылық танытқан жазасын өтеушілер бостандыққа шыққан соң оларға қолдау көрсететінін айтты.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Төтенше қауіпсіздіктегі түзету мекемесінде қазіргі таңда 700-ге тарта сотталған азамат өз жазасын өтеп жатыр. Олардың көпшілігі ауыр қылмыспен жазаға тартылғандар. Алды 15, арты 25 жылға дейін түрмеде отыруы мүмкін. Сондықтан бүгінгі кездесу мен шеберлік сабақтары оларға үлкен мотивация береді деген сенім бар.

А. Қуаш