Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Таразда жүзге тарта отбасы үйінді астында қаламыз ба деп үрейленіп отыр

AstanaTV
05.08.2016ж. 20:00
3026
Таразда жүзге тарта отбасы үйінді астында қаламыз ба деп үрейленіп отыр

Таразда жүзге тарта отбасы үйінді астында қаламыз ба деп үрейленумен күн кешіп отыр. Олар тұратын көпқабатты үйдің қабырғасы сөгіліп, құлауға шақ қалған. Алаңдаған тұрғындардың сөзіне сүйенсек, атқамінерлер бұл үйді апатты деп танудың орнына, «күрделі жөндеуге жарамды, адам өміріне қауіпті емес» деп елді жұбатқан. Шарасыз халық бұған да көнген, енді жөндеу жүргізілетінін күнді күтуге мәжбүр. Баспаналарының мүшкіл халіне шағымданған елдің жанайқайын Данияр Әлімқұл тыңдап қайтқан еді.

Қаладағы Төле би көшесінде орналасқан көпқабатты үйде 100-ге жуық пәтер бар. Отбасылық жатақхана ретінде бірнеше ондаған жыл бойы талай жанға пана болған баспана енді қауіпті нысанға айналған. Күндіз күлкі, түнде ұйқыны ұмытқан тұрғындар әбден қаусаған баспаналарының неліктен әлі күнге  апатты деп танылмай отырғанына аң-таң. Олардың айтуынша, 2012 жылы бұл көп қабатты үй 7 жылға жарамды деп қорытынды жасалған. Алайда, көп ұзамай бөлмелерінің қабырғасы қаусап, шатырдан қайта су аға бастапты.

Су аға берді, аға берді. Сосын бармаған есігіміз жоқ. Арызымызды қарамады. Қараусыз қалған, өздеріңіз жөндеп алыңыздар дейді.

Тұрғындардың айтуынша, арнайы  техникалық сараптамадан өткізген мекеме үйді апатты деп танудан бас тартқан. Алайда, әкімдік өкілдері бұл үйге тек кезегі келгенде ғана күрделі жөндеу жүргізіледі деп отыр.

Есенгелді Бейсенбеков, Тараз қаласы әкімдігі тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

Демеуші тауып жөндеп бергенбіз. Қазіргі таңда оған қаржы бөлінген жоқ.

Салынғанына жарты ғасыр болған бұл үйде тек бір рет қана ағымдағы жөндеу жүргізілген. Тұрғындар болса, тозығы жеткен баспаналары терможаңғырту бағдарламасына ілініп, тезірек күрделі жөндеудің  жүргізілгенін қалайды.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Тұрғын-жайдың тұрмыстық деңгейі  тым төмен. Жатақхананы көгерген иіс кеулеп кеткен.  Бірнеше жылдан бері қараусыз қалған көне үйде көп балалы отбасылар мен мүгедектер тұрады.  Ал, ақ жағалы азаматтар құрылыстың қай күні басталатынын дөп басып айта алмайды. Өйткені әкімдіктің өзі әзірге Үкіметке қаражат сұрауға ұсыныс бермеген.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ