Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Бразилияда жазғы олимпиаданың ашылу салтанаты өтеді

AstanaTV
05.08.2016ж. 20:00
2742
Бразилияда жазғы олимпиаданың ашылу салтанаты өтеді

Риодағы жазғы Олипиада ойындарының медаль табыстау сәтіне дайындық барысында Қазақстанның туы көкке көтерілді. Ғаламторда осындай видео тарап кетті. Әлеуметтік желі қолданушылары мұны жақсылыққа жоруда.

Төрткүл дүние көз тігіп отырған Бразилияда жазғы олимпиаданың ашылу салтанаты Астана уақытымен бүгін таңғы 5-те басталады. Отандық спортшылар шеруі,  рәсімнің орта тұсына келеді деп болжанып отыр. Салтанатты ашылу 79 мың орынға шақталған «Маракана» стадионында өтеді. Билеттер құны 2 мың доллар мен 4 мың доллар аралығында.

Бразилия билігі туристер мен спортшылардың қауіпсіздігіне баса мән беріп отыр. Күзетке 85 мың полицей мен сарбаз тартылған. Елдегі экономикалық ахуалға сай, Бразилия олимпиадасының ашылу салтанатына жұмсалған қаржы  2012 жылғы Лондон олимпиадасындағы шығыннан 10 есе аз болмақ. Ұлыбритания ол кезде 42 млн доллар жұмсаған еді. Дегенмен ұйымдастырушылар көрерменге керемет шоу сыйлаймыз деп отыр. Салтанаттың басым бөлігін латын америкалық билер құрамақ.

Еске салайық, Қазақстанның намысын қорғауға 104 спортшы аттанды. Риодан жеңіспен оралған спортшы 250 мың доллар сыйақы алады. Саңлақтарымызға сәттілік тілейміз. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ