Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Тобыл өңірінде жаңбыр жауып, соңы көктайғаққа ұласты

AstanaTV
20.12.2022ж. 20:00
1196
Тобыл өңірінде жаңбыр жауып, соңы көктайғаққа ұласты

Қостанай облысында ауа-райының қолайсыздығына байланысты бірнеше бағытта көлік қозғалысы уақытша шектелді. Кейбір аудан мектептерінде оқушылар сабаққа барған жоқ. Жолда қалғандар мен зардап шеккендер жайлы ақпарат жоқ. Полиция көктайғақтың кесірінен облыс орталығында 21 жол көлік апаты тіркелгенін хабарлады.

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:

Желтоқсанда жауған жаңбыр асфальттің бетін айнадай жалтыратты. Қара жолдың үсті көктайғақ. Кәдімгі коньки тебуге болады.

Көктайғаққа байланыста Қашар, Рудный, Федоров ауданы бағытындағы жүк және жолаушылар тасымалдайтын көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылды. Полиция облыс көлеміндегі басқа жолдардың ашық екенін хабарлады.

Назгүл ШАБДАРОВА, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ МАМАНЫ:

Жол-көлік оқиғаларының орын алуының басты себебі ара қашықтық және жылдамдық тәртібін сақтамаудан.

Ауа-райының қолайсыздығына байланысты бірқатар аудан және ауыл оқушылары онлайн форматқа көшті.

Бағила ИБРАГИМОВА, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Қарабалық, Қарасу, Меңдіқара ,Ұзынкөл, Федоров аудандарында бірінші сыныптан 11 сыныпқа дейінгі оқушылардың барлығы қашықтан оқыту форматына ауысты. Көктайғаққа байланысты тасымалданатын мектептердің балалары тоқтатылды.

Аймақ ақ халаттылары тайғанап құлап, жарақат алған жан жоқ деген ақпар таратты. Ал синоптиктер аптаның соңына қарай қайтадан күн жылынып, қарлы боран, көктайғақ болуы мүмкін деген болжам айтады.

Алтынбек ҚАБАҚОВ, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ФИЛИАЛ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Аяздар болады. Түнде 23-28, ал күндіз 15-20 градус суық. Демалыс күндеріне қарай күн күрт жылынады. Қар жауып, бұрқасын болады.

Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша жолда қалған жолаушылар мен зардап шеккен жан жоқ. Дегенмен департамент мамандары қолайсыз ауа-райында Қостанай тұрғындарын жолға шықпауды ескертеді.

З. Санай