$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматы облысы Абай ауылында бүтін бір көше сатылып кетті

AstanaTV
20.12.2022ж. 20:00
2359
Алматы облысы Абай ауылында бүтін бір көше сатылып кетті

Алматы облысы, Абай ауылында бүтін бір көше сатылып кетті. Салдарынан тұрғындар үйлеріне кіріп-шығуы қиындаған. Жергілікті әкімдікке қанша шағымданғанымен, мәселенің шешілетін түрі жоқ. Ауыл халқының жан айқайын тілшіміз Мөлдір Жақан тыңдап қайтты.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Небәрі бір жарым жыл бұрын дәл осы жерде кәдімгі көше болған. Кенеттен, жердің иесі табылып, бұл аумақты қоршап тастады. Енді тұрғындар өз үйлеріне жету үшін осындай жармен жандарын шүберекке түйіп өтуге мәжбүр.

10-ға жуық отбасы 12 жыл бойы жол қылып жүрген жерлері қалайша жеке тұлғаға сатылып кеткенін түсінбей дал. Бұл жағдай тұрғындарға айтарлықтай кедергілер келтіріп отыр. Олар «бір күні үйімізге кіре алмай қаламыз» деп қорқады. Бұл жерге тіпті, жедел жәрдем, өрт сөндіру көліктері де өте алмайды. Райхан Боранова аталмыш ауылда 8 жылдан бері тұрады. Жедел жәрдемді жиі шақырады, бірақ көлік үйге өте алмайтын көрінеді.

Райхан БОРАНОВА, АБАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Не скорый шақыра алмаймыз. Не пожарный, басқа деген службаны шақыра алмаймыз. бір кезде баламның давлениесі асып кетті. Сол кезде бір скорый да келе алмады. Мен өзім үлкен жастамын, давлением бар, сахарым бар. Бізге шешім беріңіздер, көмек беріңіздер!

Тұрғындардың бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Сотқа да жүгінді. «Бірақ әкімдік бұл мәселеге бейқамдық танытып отыр»,- деп ашынады халық. Сот шешімі бойынша мұнда қоғамдық сервитут орналастыруға рұқсат берілген. Яғни, қоршалған аумақ ашылып, тұрғындардың кедергісіз жүріп-тұруына мүмкіндік жасалуы қажет. Алайда, жергілікті атқарушы билік қаулыны шығаруға асықпайды.

Берікжан ҚҰЛШАНОВ, АБАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Соттың үкімі де біздің пользаға шыққан. Әрі қарай әкімшілік, местный исполнительный орган дейміз ғой, солардың құзырында. Солар орындау керек еді. Бірақ орындалмайды. Әкім жұмыс істемейді. Басқа не айтамын? Барамыз әкімге, постоянно больничныйда дейді. Соттың шешімі болса, келеміз, ашамыз деген, бірақ біз ондай көрмей тұрмыз әлі.

Заңгерлер 27 соттық жер телімі әу бастан жеке тұлғаға заңсыз берілгенін, деп отыр.

Мадияр АЙМЫРЗАҰЛЫ, ЗАҢГЕР:

Бұл жер кезінде заңсыз берілген. Себебі, жердің мақсатын алып қарасаңыз, ол өндірістік база деп берілген. Ал кез келген сондай аймақта өзінің қорғау орыны бар 30 метр, көріп тұрсыздар, жер учаскесі тура судың жанында. Негізі жергілікті әкімшілік ол жерді заңсыз деп қайтарып алуларына болушы еді, бұл орайда да олар әрекетсіздік танытып отыр.

Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Ең бастысы, сот шешімі орындалып тұр ғой. Құқық қорғау органдары, прокуратура, сот орындаушылары мен аудан әкімдері бірлесіп жұмысты бітіріп берсін. Біз жақын арада соттың шешімін орындауға жұмыс жасаймыз.

Облыс әкімі сиырқұйымшақталып кеткен мәселе 1 аптаның ішінде шешімін табады деп мәлімдеді. Ал қарапайым халықтың осыған сенуден басқа амалы қалмаған.

М. Жақан