Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Елімізде жынысын өзгерткісі келетін жігіттер саны артқан

AstanaTV
20.12.2022ж. 20:00
1259
Елімізде жынысын өзгерткісі келетін жігіттер саны артқан

Елімізде жынысын өзгерткісі келетін жігіттер саны артқан. Небәрі бір жылдың ішінде «бойжеткенге» айналғысы келген 23 адам операция жасатуға өтініш беріпті. Бұл елде болмаған жағдай дейді сарапшылар. Жаратылыстың заңына қарсы шығу қаншалықты дұрыс? Нарларымыздың нәзік жанды боламын деп наздануына не себеп? «Бұрымды» жігіттер туралы тілшіміз Аружан Задабек зерттеп көрді.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Қазір еркекті әйелге, әйелді еркекке айналдыру түк емес. Ақшаң болса, «мінезсіз» ұл, «қылықсыз» қыз да бола аласың. Тіпті, медицинаның дамығаны соншалықты, оларды бір-бірінен ажырату қиын. Сондықтан жігіттер қазір танысқан әр қызға үркей қарайтын болған.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Мен ондай жаратылыстардың болуына қарсы емеспін. Бірақ қазір ер адам кім, қыз кім, айыру қиын болып кетті ғой. Қызбен танысқанда абай болу керек.

- Шатастыру қиын боп жатады балалар мен қыздарды. Еркек адам еркек болып қалу керек.

- Жігіттердің де ойын түсіну қиын. Азамзаттық құндылығын жоғалту.

Қазақстандықтарға 2009 жылдан бастап жыныс өзгертуге рұқсат етіледі. Елде жынысын ауыстырғысы келетіндер әуелі республикалық психикалық денсаулық орталығы жанында құрылған арнайы комиссиядан өтеді. Егер комиссия «транссексуализм» диагнозын растаса, онда ота жасатуға рұқсат беріледі. Биыл мұндай комиссияға жынысымды ауыстырғым келеді деп 30 адам өтініш жазған. Оның жетеуі қыз-келіншек, қалғаны ер адам.

Бекжан РАМАЗАН, ПЛАСТИКАЛЫҚ ХИРУРГ:

Интернет желілерінің дамуына байланысты адамдар біліп жатыр, пластикалық хирургияның осындай түрлері бар екенін, операцияның. Пластикалық хирургия негізінен қымбат сфера. Ол операцияға байланысты оның бағасы да өсе береді.

Транссексуализмді қоғам әдетте адамның психикалық ауытқуы ретінде қабылдайды. Алайда адам психикасын зерттеумен айналысып жүрген мамандар мұны жан ауруы деуге асықпайды.

Анаргүл ИБРАЙЫМБЕКОВА, ПСИХОЛОГ:

Егер де ата-анасы ұл баланың дүниеге келгенін күтіп, керісінше қыз бала дүниеге келсе, бұл да санасыз түрде балаға беріледі. Яғни, қыз бала сол кезде өзінің жынысын қабылдамауы мүмкін. Керісінше, ата-анасы қыз баланың келуін күтіп, ұл бала келетін болса, ол да санасыз түрде әсер етіп жатады. Ұл бала жынысын қабылдамау деген сезімдер пайда болуы мүмкін.

Еркектің әйелге, әйелдің еркекке айналуын дініміз де құптамайды.

ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫ:

Егер ерікті пластикалық ота табиғи бейнеден тыс жаратылысты өзгертуге алып барса, әрі айлакерлік, алдамшылық, көзбояушылық мақсат етілсе, онда оған рұқсат етілмейді.

Бұрын қоғамға жат мұндай көрініс тек Батыс елдеріне тән секілді көрінетін. Сөйтсек, күллі әлемді алаңдатып отырған бұл кесапат Қазақстанды да айналып өтпепті. Елімізде соңғы екі жылда 25 адам жынысын ауыстырған.

А. Задабек