Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Сарапшылар: Теңге құнсыздануы жайлы айту қиын, бірақ әсер етуші факторлар бар

AstanaTV
05.08.2016ж. 20:00
3512
Сарапшылар: Теңге құнсыздануы жайлы айту қиын, бірақ әсер етуші факторлар бар

«Айтқан сөзіміз үшін жауап береміз». Бірқатар экономикалық сарапшылар осылай деп отыр. Күні  кеше бас банкир Данияр Ақышев теңге бағамына қатысты түрлі болжам жасайтын сарапшылар соңынан олардың жорамалы тура келмесе, ол үшін жауап беруі тиіс деген болатын. Және төл теңгеміздің алдағы уақытта еңсесі түспейді деп, уәде берген. 

Бірақ сарапшылар да өз уәждерінен танбай отыр. Ел экономикасы мұнай бағасы мен көрші елдердегі нарыққа  тәуелді. Сол себепті теңге бағамын қалпында ұстап тұрудың қиын болатындығын олар жоққа шығармайды.

Дәл қазіргі уақыттағы экономикалық факторлар теңге бағамын осы қалыпта ұстап тұруға қауқарлы. Яки мұнайдың бір баррелі 40 доллардан жоғары сатылуда. Демек, теңгенің құнсыздануы туралы сөз қозғау артық. Осы сарындағы мәлімдемені кеше бас банкир Данияр Ақышев жасаған еді. Сарапшылар да мұнымен келіседі.

Меруерт Махмұтова, сарапшы:

Бұл сөздердің орны бар. Айтқаны, менің ойымша, кейбіреулер бар теңгенің деңгейі 500-800 болады деп алды-артына қарамай, болжам жасап жатыр. Менің ойымша, ешкімнің де көзі жетіп отырған жоқ доллар мен теңгенің  деңгейі қандай болатынына.

Дегенмен, сарапшы «теңге бағамында тұрақтылық орнайды» деуге күмәнмен қарауға итермелейтін факторлардың бар екенін де жоққа шығармайды.  Пайымдауынша, төл валютамыздың  бағамына мұнай құнынан өзге Ресей рублі де айтарлықтай әсер етіп отыр. Бұл ешбір жасыруға келмейтін шындық. Ал батыстың санкцияларының астында қалған көрші елдің экономикасы мәз емес. Осы жылдың төртінші тоқсанында, яғни сайлаудан кейін, Ресей валютасы 10-15 пайызға құлдырап кетуі мүмкін деген болжам бар.

Теңге бағамын қазіргі сәтте тұрақты ұстап тұру үшін, ең алдымен  қара алтын құны төмен құлдырамауы тиіс. Егер төмендеген жағдайда, бюджетке мұнай секторынан түсетін салықтың үлесі кемиді. Бұл теңгенің нығаюына емес, керісінше, құнсыздануына алып келуі мүмкін. Әрине, алдағы уақытта мұнай бағасы өсіп, теңге тұрақтанады дегенге сарапшылардың да сенгісі-ақ келеді. 

Айбар Бәйкенов, «Асыл-Инвест» АҚ сараптама департаментінің директоры: 

Сенгіміз келеді. Мысалы, барреліне 50 доллар болуы мүмкін деп те ойлаймыз. АҚШ та мұнай өндіруге мүмкіндік көп. Алайда алынып жатқан өнім  аз. Соның салдарынан баға бізге тиімді жағынан өзгеруі мүмкін. Бұл өз кезегінде бізге пайдасын берер еді.

Айгүл Ермахан, тілші:

Бас банкир уәде еткендей, айырбас бағамының күрт көтеріліп кетпеуін жіті бақылауда ұстап отыр. Әзірге теңге бағамы тұрақты. Қазақстан қор биржасындағы бүгінгі таңғы сауда-саттық барысында бір доллар 348 теңгеге түсті. «Бренд» маркалы мұнай барреліне 43 доллардан сатылуда. Қаладағы айырбас пункттерінде бір доллар 349 теңгеге саудалануда. Көк қағаз тапшылығы сезілмейді.

Айгүл ЕРМАХАН