Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Оралда дизель отыны бағасы рекорд орнатты

AstanaTV
08.08.2016ж. 20:00
3038
Оралда дизель отыны бағасы рекорд орнатты

Үкімет дизельді отын бағасын реттеуден бас тартқалы, оның құны қымбаттап шыға келді. Бұған дейін Энергетика министрлігі жанар-жағармай түрінің бағасы 115 теңге шамасында болады деген еді. Қазір баға әр аймақта әртүрлі. Мәселен, Шымкент пен Алматыда баға 107-108 теңгеден. Астанада кей бекеттерде баға көтерілмеген, 99 теңгеден сатылса, енді бірінде 108 теңгеден саудаланып жатыр. Ең қымбат дизель Оралда, 125 теңгеге жетіп рекорд орнатты. Қазір қаладағы жанармай құю бекеттерінде дизельдің ең арзаны 108 теңгеден сатылып жатыр. Мұны сала мамандары отынның осы түріне сұраныстың артқанығымен түсіндіреді.

Мұрат Бәйменов, БҚО ТҮКШ және энергетика басқармасы басшысының орынбасары:

Қазір Оралдағы дизельді отын бағасы 108 теңгеден 125 теңгенің аралығында. Бағаның қымбаттауын Батыс Қазақстан облысының Ресейдің 5 облысымен шектесетіндігімен түсіндіруге болады. Көршілердегі баға бізбен салыстырғанда өте қымбат. Әрі арада шекара жоқ, Еуразиялық экономикалық одақ пен кедендік одақ тағы бар. Көлік шығындары мен өзге де шығындарын ақтау үшін, енді жанармай құю бекеттері өздері қалаған бағаны қоя алады.

Дегенмен, Тараз бен Петропавлда бұрынғы баға сақталған. Кей жанармай бекеттерінде 99 теңгеден сатылып жатыр. Ал Павлодар жанармай бекеттерінде бұл отын түрі мүлдем сатылымда жоқ көрінеді.

Асхат Жармағамбетов, Павлодар облыстық кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасы бастығының орынбасары:

Дизель отынын жеткізушілер қасақана ұстап отыр деген күдік бар. Қазір анықтап жатырмыз. Шара қолданамыз. Баға өзгерген жоқ, 99 теңгеден қалды. Кей жерлерде талонмен беріледі. Қандай жанармай бекеттерінде дизель отыны жоқ, айтыңыздар, біз олардың алған көлемдерін қарап, әрбірімен жеке сөйлесеміз. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ