$494.87 €520.65 ₽4.91
×

БҚО-дағы жаңа ықшам ауданындағы тұрғын үйлер сапасыз салынған

AstanaTV
21.12.2022ж. 20:00
2087
БҚО-дағы жаңа ықшам ауданындағы тұрғын үйлер сапасыз салынған

Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданындағы су жаңа ықшам ауданындағы тұрғын үйлер сапасыз салынған. Жергілікті халық осылай деп шағымданып отыр. Шатыры шұрық тесік, жылуы жоқ. Жаңа баспананың тұрғындарымен тілшіміз тілдесіп келді.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Екі-үш ай бұрын қоныс тойын тойлаған тұрғындар сол кезде қуанып, мына кәмпиттерді шашу ғып шашқан. Бірақ қазір олардың тәттіні теруге мұршасы жоқ. Өйткені сырты бүтін, іші түтін жаңа үйдің бітпеген шаруасы шаш етектен.

Хан сарайындай кең баспананы 7 жыл армандаған Ибатовтардың қуанышы қазір су сепкендей басылған. Қара суықта үйі қақап тұрған отбасы қазір үш бөлменің бір бұрышында бүрсеңдеп отыр.

Жылу батареясынан қайран болмағасын, тұрғындар электр пешін қосыпты. Бірақ одан да пайда жоқ. Өйткені дұрыс бітелмеген үйдің төбесі жылуды тартып әкетеді. Шатырдағы тесіктен төмендегі пәтер көрінеді.

Медхат ИБАТОВ, ТЕРЕКТІ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мына үйді 16,5 миллионға алдық. Ай сайын 120 мың теңге төлеп отырмыз. Не үшін төлеп отырғанымды білмейміз. Үш пеш қойып отырмыз үйге. Бөлмелерді түгел жылытпайды. Кептіріп қоямыз, қабырғаның бәрі салқын, төбенің бәрі түсіп жатыр. Дұрыс шпатлевка жасамаған. Әкімдіктен келді, қарады, фотоларын жібердік бәрі. Мүлдем іс-қимыл жоқ. Тексеріп кетеді қайта-қайта. Ауызбен ғой.

Ал мердігерлер үйдің талапқа сай екенін айтады. Әрі бір жыл бойы пайдаланусыз тұрғасын, жылу берілмеген. Жаңа үйде пәтердің көбісі бос тұр. Демек, халық мұнда түгел қоныстанбайынша, ғимараттың жылынуы екіталай.

Жанэра ШҮЙНОВА, МЕРДІГЕР МЕКЕМЕ ӨКІЛІ:

Төменгі бірінші этаж бен үшінші этажда адам орналаспағандықтан, конденсацияның әсерінен үйдің жағдайы осындай болып тұр. Енді бұл мәселе адамдарды толық орналастырғаннан кейін жылу қалыпты сақталады. Толық орналасқан пәтерлердің подъезі жылы, толық орналаспаған үйде үй салқын салыстырмалы түрде.

Шенеуніктер де жаңа мекендегілердің жиі шағымданатынын жасырмайды. Тұрғындардың талабымен 60-тан астам жылыту батареясы ауыстырылып, жарылған қабырға жамалған.

Амангелді ТОҒЫЗБАЕВ, ТЕРЕКТІ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Шағым айтылған пәтерлердің бәрін көрдік. Мұны мердігерге ескертеміз. Құрылыс компаниясы бұл үйлерге бес жылға кепілдік беріп отыр. Яғни, бес жыл бойы анықталған ақауды өз қаржысы есебінен жөндеуге міндетті. Әкімдік пен мердігер арасында осындай уағдаластық бар. Ешкім жауапкершіліктен қашпайды.

Жергілікті әкімдіктің дерегінше, үш қабатты 20 үйден тұратын шағын ауданды салуға қазынадан 2 миллиард теңге жұмсалған. Әр үйде алты пәтер бар. Жоспар бойынша мұндағы баспананы банк тұрғындарға ипотекаға сатып, бөлінген қаржыны кері қайтарады. Ал халықты бір жерге шоғырландыруға билік банктің талабынан аса алмай отыр. Өйткені тұрғындар пәтерді әр үйден өз қалауынша таңдапты.

Е. Карин