$484.19 €524.28 ₽5.03
×

Балалар неге ұрлыққа барады?

AstanaTV
21.12.2022ж. 20:00
3287
Балалар неге ұрлыққа барады?

Биыл елімізде 700-ге жуық бала ұрлық жасаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17 процентке көп. Қоғам белсенділері дабыл қағуда. Қалтаға қармақ салатын балалар неге көбейіп кетті? Аружан Задабек ашығын айтады.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Әр бала өмірінде бір рет ұрлық жасайды. Баламен жұмыс істейтін мамандардың пікірі осындай. Оң-солын білмейтін бүлдіршін қызығушылығын оятқан әр затты өз күшімен алуға тырысады. Алғашында оның арам іс екенін аңғармаған аңғал балапандар, кейін оның қалай әдетке айналғанын да байқамай қалады.

Былтыр кәмелетке толмаған 577 бала ұрлық жасаған. Биыл бұл көрсеткіш 675-ке жетіпті. Алматы облысы мен Шығыс Қазақстан, Түркістан облысында көп. Алматы қаласы мен Атырауда да мұндай жағдай жиі тіркеледі.

Нұралы ТӘҢІРБЕРГЕНОВ, АСТАНА қ. ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Елордада жыл басынан бері кәмелетке толмаған балалар арасында 41 ұрлық жасалған. Жазалау шараларына келетін болсақ, басым бөлігі сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатыларында ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылады. Бірнеше адам ғана сотқа жіберіледі. Жасөспірімге қатысты қылмыстық іс тоқтатылғаннан кейін ол кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектордың жеке бақылауында болады.

Өз баласын орға қимайтын әр ата-ана үшін бұл-ауыр. Оны мойындауы да қиын. Егер бала соләрекетке барса, бұл ата-ананың қателігі дейді. Себебі, кішкентайлар ненің жақсы, ненің жаман екенін әлі білмейтінін айтады.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Мынауың дұрыс, мынауың бұрыс деп айтып отыру керек қой ата-ана.

- Ата-ана тәрбиені өзінен бастау керек та. Содан кейін бала өзі ата-анасын қарап, солай тәрбие алу керек деп ойлаймын.

- Айту керек, түсіндіру керек балаға.

- Отбасында бақытқа бөленіп өсіп жатса, ұрпақтарымыз неге олар ұрлыққа барады?

Расында да, балалар ұрлыққа неге барады? Психологтардың айтуынша, қалтаға қол салатындардың дені – ұлдар.

Серікгүл СӘЛИ, ПСИХОЛОГ:

Тұрақты түрде ұрлық жасайтындардың бәрі өліп таяқ жеген балалар. Ең бірінші жасалынатын жұмыс – баланы ұрғанды тоқтату керек. Ата-аналар оларға мүлде ақша бермейді. Яғни, аш қалдырады. Аш қалған бала ұрлықты жасайды.

Мамандардың пайымынша, ата-ана мейірімін көрмей, жанжалдың арасында өскен балалар жиі ұрлыққа барады. Себебі, олар өздерінің мықты екенін осылай дәлелдегісі келеді. Айтуларынша, әр отбасы бала бойынан қандай да бір бейәдеп қылық байқаса, бірден қолға алу керек. Әйтпесе дабыл қағуды ұят көріп жүргенде, күресу қиын боп кетуі мүмкін.

А. Задабек