Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қалың малды қайтаруды сұраған ене ақымақ па, бермеген келін ақымақ па?

AstanaTV
21.12.2022ж. 20:00
2882
Қалың малды қайтаруды сұраған ене ақымақ па, бермеген келін ақымақ па?

Қазақ ұғымында «Қалың мал» байлық пен жомарттықтың белгісі еді. Ал қазір оның мәні өзгерген секілді. Дәм-тұзы жараспай ажырасқаннан кейін қалың малды қайтарып беруді сұрайтындар көбейген. Мұның себебі неде? Әріптесім Рабиға Бақытжанқызы анықтап көрді.

Рабиға БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

«Иә. Мен келініме төлеген қалың малды қайтарып алуға келдім. Себебі, ұлыммен ажырасып кетті». Соңғы уақытта, осылай сотқа арыз жазып, қалың малды даулайтындардың қатары көбейген. Бұл сараңдық па әлде надандық па? Енелердің бұл әрекетін қалай түсінуге болады?

Өзін Оңтүстіктің келінімін деп таныстырған әйел күйеуімен дәм-тұзы жараспай, заңды түрде ажырасқан. Арада біршама уақыт өткен соң оған тағы соттан шақырту келіпті.

КЕЛІН:

Енем сотқа беріпті. Бүкіл қалың малды өндіріп, қайтарсын деген сияқты мағынада. Қалың малды бізде қазақта не үшін береді? Қыздың дүниесін апарсын, артынан көрпе-төсегін алып барсын деген сияқты ол заттардың барлығы алынып, менің шешем оның барлығын апарып қойған. Енді қандай оймен, қандай ниетпен олардың бұлай жасап жатқанын түсінбеді? Білмеймін кек алғысы келе ме? Ол жағын түсінбедім. Енді мен қалай ол ақшаны төлеуім керек?

Қазір елімізде шаңырақ көтерген әрбір үшінші отбасы ажырасатын көрінеді. Ерлі-зайыптылар бұған дейін мүлікті бөлісе алмай дауласса, ал қазір қалын малды қайтару үшін шағымданатын арызқой көбейген.

Даржан ХАКИМОВА, АСТАНА ҚАЛАСЫ ЕСІЛ АУДАНДЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:

Арызда қалың малдың көлемін 2 мың доллар деп көрсеткен. Істі қарай келе қалыңдыққа алынған алтын бұйымдар мен былғары тонның құны 1 млн 800 мыңға бағаланды. Соттың шешімімен талап арыз қанағаттандырылмады. Әрине, олар соттың бұл шешімімен келіспей, аппеляциялық сотқа шағымданды. Аппеляцияда да үкімді өзгерткен жоқ. Себебі, ерлі-зайыптылардың ажырасқаннан кейінгі қалың малдың қайтарып алу еліміздің заңнамасында көрсетілмеген. Қалың мал ол өтемақы емес, ол сыйлық болып саналады.

Ал мәдениеттанушы Абылайхан Қалназаров қалың малды даулайтын ата-енелердің бұл әрекетін қазақтың тамырынан ажырай бастағанының көрінісі дейді.

Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ, МӘДЕНИЕТТАНУШЫ:

Қазақ тарихында болған. Бірақ ол болары болып, бояуы сіңбей тұрып. Мысалы, атастырылса, кейіннен құдалар айнып жатса, үйленетін жігін не қыз қайтыс болса, бір жағдайға ұшырап жатса, билердің шешімімен сол замандағы соттың шешімімен халықтың ұйғарымымен қалың малын қайтып алатын болған. Егер орнына басқа қыз бермесе. Бірақ енді үйленіп, балалы болып, ерлі-зайыпты болып қойғаннан кейінқайтадан қалың мал талап ету ол бір үлкен көргенсіздік деп ойлаймын. Қазақ тарихында да мәдениетінің аясына сыймайтын нәрсе.

Қалың малды даулау мәселесіне қатысты тұрғындар пікірі де осыған саяды.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Қалың малды қайтарып алу дұрыс емес. Қалың мал беру деген дұрыс қой енді. +Біртүрлі ғой. Әйелді аласың, пайдаланасың. Қайтып беру деген енді...

- Кеткен зат кетті ғой. Қайтып сұрайсың оны. Басында келісіп алған. Уәде берген.

- Ешкім мысалы ажырасамын деп үйленбейді ғой. Қалың малды қайта сұрау ол меніңше ол адамгершілік қасиетке жатпайтын қасиет.

- Қайтарып сұрап алу ол қазіргі дүние құмарлық деп ойлаймын. Дүниенің жетіспеушілігі.

Қалың мал - қазақтың төл дәстүрі. Ұлттың жоралғыларына ешқашан жат көзбен қарамау керек. Мұны жоққа шығарғысы келетіндер сүйегіне таңба салумен тең дейді мамандар.

Р. Бақытжанқызы