Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Солтүстік Қазақстан облысындағы Подгорный ауылына су берілді

AstanaTV
08.08.2016ж. 20:00
1968
Солтүстік Қазақстан облысындағы Подгорный ауылына су берілді

Солтүстік Қазақстан облысы Подгорный ауылындағы су тапшылығы мәселесі шешілді. «Астана» арнасының жаңалықтарынан көрсетілген сюжеттен соң, араға 4 күн салып елді мекенге су берілді. Тұрғындар су магистралі былтыр тартылғанымен, құжат рәсімдеу жұмысы сағызша созылып кеткенін айтып шағымданған еді. Соның кесірінен халық суды құдықтан тасып ішіп келген. Бүгінде жергілікті атқамінерлер электрэнергия тарату компаниясымен бір ымыраға келіп, тез арада бүкіл құжаттарды рәсімдеген. Шенеуніктер ауылдағы су жүйесін тексерістен өткізіп, тұрғындарға есептегіш құралдарын тегін таратып беріпті. Қазір 137 үй таза ауыз сумен қамтылған. 

Альбина Әбенова, Подгорный ауылының тұрғыны:

Су мәселесі өте қиын, флягамен күнде тасу. Жаз маусымында, мысалы, огородқа керек, үйрек-қаздарымыз бар. Сол себептен біз өте қуанып отырмыз бізге таза су бергеніне. Енді сіздердің арқаларыңызда, сіздердің де көмектеріңіз тиді. Осы бүгінгі таңда бізге су бергеніне ризашылығымды білдіремін.

Қылауы түспеген мына сорғы станциясы ауылға таза ауыз суды жіберіп отырады. Нысанның ішінде сыйымдылығы 300 текше метрге шақталған ірі цистерна тұр. Бұл елді мекенді тіршілік көзімен екі апта бойы үздіксіз қамтуға мүмкіндік береді. Су таусылғасын алып бөшкелер қайта толтырылады. Ал жоғары қуатты сорғылар құбырлардағы қысымды әрдайым бірқалыпты ұстайды. Айта кету керек, станция табан астынан тоқ көзінен айырылса, қосымша дизельді генератор іске қосылады. Демек, бұқара суды үздіксіз тұтынады, - дейді жергілікті билік өкілдері.

Бахыт Ілиясов, Қызылжар аудандық құрылыс, сәулет, ТКШ, жолаушылар тасымалы, автомобиль жолдары бөлімі басшысы м. а.:

Біз бір аптаның ішінде 5 нысанды іске қосамыз деп жоспарлаған едік. Соның ішінде Подгорный ауылы да бар. Қазіргі таңда 137 үйге су берілді. Кей баспаналар ескі құбырларды пайдаланып отыр. Олар тамыздың аяғында жаңа су жүйесіне қосылады. Бұл жұмыс көп уақытты талап етпейді.

Абзал ҚҰРМАНКИН