Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Таразда қаңғыбас иттер қаптады

AstanaTV
08.08.2016ж. 20:00
4241
Таразда қаңғыбас иттер қаптады

Таразда қаңғыбас иттер қаптады. Соңғы жарты жылда 1 мыңнан астам адамды ит қапқан. Тұрғындар жаңа оқу жылы басталса, бұралқы иттер балаларға шабуыл жасай ма деп алаңдайды. Ал қаңғыбас үй жануарларының көзін жоюға жергілікті бюджеттен 12,5 миллион теңге бөлінген. Бұл қаржы қаншалықты игерілді, Данияр Әлімқұл тақырыпты толықтырады.

Көшелерде жүріп көбейген төрт аяқты төбеттерден тұрғындар қорқып қалған.  Көшеде саны көбейіп барады деп алаңдайды. Қаладағы көлік тұрағының біріне күшіктеп кеткен. Аталмыш автотұрақ иесінің айтуынша, иттер күшіктерін қызғанып көлік иелеріне шабуыл жасайтын көрінеді.

Мадина Жолдыбаева, Тараз қаласының тұрғыны:

Мына үлкен-үлкен үйлердің айналасы тола қаңғыған иттер. Кішкентай балаларға зияны тиіп кете ме деп қорқамын. Автотұрақта жұмыс істегеніме 15 жылдай болды. Іші тола күшіктер мен иттер. Енді иттерге бір шара қолданса екен деймін. Жақында мектеп басталады. Мына жерден бала-шаға көп жүреді. Сол қауіпті.

Зеріп Қалабаев, Тараз қаласының тұрғыны:

Қазір қалада  қаңғыған иттер көп. Не көп ит көп қой. Базарға барсаң да, вокзалға барсаң да. Оларды құртуға ешқандай жұмыс істеліп жатқан жоқ. Балаларымды тістеп алып, ауруға  шалдыға ма деп қорқам.

Әуесқой түсірілім Мамандардың сөзіне сенсек, төбеттердің көбеюіне тұрғындардың да кінәсы бар екен. Өйткені олар асыранды иттерінің күшіктерін көбейтіп, кез-келген жерге тастап кетеді, дейді. 

Сәкен Жұманқұл, Тараз қаласы әкімдігінің ветеринария бөлімінің басшысы:

Тараз қаласында қаңғыбас иттер мен мысықтарды ұстап, жоюмен Тараз қаласы әкімдігінің ветеринариялық қызметі айналысады. 2015 жылы 11 млн 900 мың теңге қаражат бөлінсе, 2016 жылы 12 млн 500 мың теңге бөлініп, қазіргі таңда 7900 ит жойылды. Ит аулағыш бригадалар сағат бестен бастап жұмыс істейді.

Статистикаға сүйенсек, үстіміздегі жылы иттерден 2100 адам зардап көрген. Ал соңғы жарты жылда 1300 адамды ит қапқан.  

Данияр Әлімқұл, тілші:

Таразда химиялық әдіспен аула иттерін аулайтын әрқайсысы екі адамнан тұратын үш топ жасақталған. Алайда, атқамінерлер еңбек күші жетіспейді деп отыр. Оған себеп - белгіленген нормаға байланысты артық адамды алуға болмайды екен. Ал, жұмыс қарқыны осылай жалғаса берсе, қаңғыған иттердің қарасы азаймайтыны анық.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ