Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Саяси реформалар Әділетті Қазақстан құрудың бастамасы

AstanaTV
27.12.2022ж. 20:00
1938
Саяси реформалар Әділетті Қазақстан құрудың бастамасы

Қазақстандықтар Парламенті мықты, президенттік республиканың қалыптаса бастағанын байқады. Жалпы халықтық Референдум өткізіп, констиутцияға өзгеріс енгізуге келісім бердік. Кезектен тыс Президент сайлауы өтті. Саяси реформалардың серпінін Мерей Қалиасқар толықтырады.

16 наурыз. Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында 30 жыл бойы орныққан саяси жүйені жаңғыртып, түрлендіру мақсатында бірқатар реформалар ұсынды. Мемлекет басшысы Суперпрезиденттіктен арылып, парламенті мықты, президенттік республикаға түбегейлі көшу қажет, деді. Ол үшін Президенттің жақын туыстарын билікке жақындатуға заң жүзінде тыйым салынды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы қандай да бір саяси партияның мүшесі болудан бас тартты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынамын. Бұл норма саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды. Осылайша, біз еліміздің болашақтағы көшбасшыларын негізгі саяси институттарды өзіне бағындырып алуға құмар болудан сақтаймыз.

Сарапшылардың пайымынша, президенттік, парламенттік жүйеге оралу арқылы демократияға бет бұрамыз. Мұндай жаңа өзгерістерді бұқара жылдар бойы қалап келген.

Аян САКОШЕВ, ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ ИНСТИТУТЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

Кейбір жылдары, біздің кейбір маңызды өкілеттілікті президенттің қолына беру, басқа да маңызды бұл конституцияда көрсетілген болатын. Қазіргі уақытқа сай жаңа өзгерістерді қоғам талап етуде, бұл яғни бірнеше жылдар бойы саяси және экономикалық өзгерістер болуы керек деген пікірлер айтылып жатты.

Ал 5 маусымда жалпыхалықтық референдум өтіп, Конституцияның үштен біріне түзетулер енгізілетін болды. Оны сарапшылар саяси маңызды оқиғалардың бастамасы болатын батыл қадамға балады.

Нұртөре ЖҮСІП, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Бұл өзіміздің өмірімізге қатысты өзгерістер. Осының көбісі ертең тікелей қазақ баласының алақан жаймай, біреуге кіріптар болмай, жеке өзінің кәсібі болып, баспанасы болып, әлеуметтік-экономикалық жағдайы дұрыс болатынға жол ашатын яғни әділетті, байлықтың өзін әділетті бөлісетін үлкен өзгерістердің бастамасы.

Ал қыркүйектегі Жолдауда Президент мандатын бір реттік 7 жылдық мерзіммен шектеу туралы бастама көтерді. Бұл әлем елдерінде кеңінен қолданылатын норма.

Тоқтар ӘУБӘКІРОВ, ҚАЗАҚТЫҢ ТҰҢҒЫШ ҒАРЫШКЕРІ, ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ:

7 жылда өз пікірін елге де жеткізе алады екен, және әлеуметтік саласын да өзгерте алады екен. Сонымен бұл ойлаймын, уақыт жаймен жай дүниежүзі қарастырып жатқан емес. Сонымен 7 жыл деген дұрыс.

Сөйтіп, қарашаның 20-сында саяси дода өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаев 82 процент дауыс жинап, жеңіске жетті. Бұл сайлауда қазақстандықтардың электоралдық белсенділігі едәуір артқандығын да атап өтпеске болмас.

Жанар БОҚАНОВА, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ АКАДЕМИЯСЫ ЭЛЕКТОРАЛДЫ ОҚЫТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Мұның бәрі болашақта сайлау шынымен де біздің қоғамды өзгертудің демократиялық тетігі болып, айла-шарғы жасау немесе басқа мүдделерді пайдаланбас үшін жасалып отыр. Біз қазір өз құқықтарын білетін, осы құқықтарын жүзеге асыратын жастарды дайындасақ, ертеңгі күні сайлау қоғамымызды демократиялық жолмен дамытатын нақты тетік болмақ.

Жаңа жылдың алғашқы айларында да үлкен өзгерістер болады. Саяси реформалар жаңашылдықтың баспалдағы. Мұқым ел оң өзгерістер күтіп, сенімге селкеу келмейді деп үміттенеді.

Қ. Мерей