Спорт Қазақстан
$441.44 €473.09 ₽4.75
×

«Тәуелсіз елім – тірегім!»: «AMANAT» партиясының қолдауымен республикалық аламан айтыс өтті

AstanaTV
27.12.2022ж. 20:00
2817
«Тәуелсіз елім – тірегім!»: «AMANAT» партиясының қолдауымен республикалық аламан айтыс өтті

Астанада «AMANAT» партиясының қолдауымен «Тәуелсіз елім – тірегім!» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Жыр аламаны ел егемендігі мен ұлт тұтастығына арналған. «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов айтыстың ашылуына қатысып, ұлттық мәдениет пен өнерді дамытуға партия үнемі үлес қосып келе жатқанын жеткізді.

Асхат ОРАЛОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:

Айтыс енді қазақтың бойтұмары ғой, ата-бабамыздан келе жатқан аманат болып келе жатқан, киелі жәдігер деп айтуға болады. Сондықтан да аманат партиясы осы еліміздегі ешбір қиындыққа қарамай, сынақтарға қарамай, осы жылдың өзінде бірқатар республикалық айтыстарды ұйымдастырған болатын. Айтыскер ақындардың, жазушы ақындардың, жалпы мәдениетке руханиятқа жақын адамдарды әрдайым қолдап келе жатыр. Сондықтан осы жобаларды келесі жылға жоспарлап міндетті түрде дәстүрге айналдырамыз деген ниетіміз бар.

Бәйгеде ақындардың жеті жұбы ең асыл қазынамыз саналатын азаттықтың қадір-қасиетін жырға қосты. Түс ауа басталған сөз барымтасы қас қарайғанша жалғасты. Соған қарамастан, қанға сіңген қастерлі өнердің қадірін білетін айтыс сүйер қауым тапжылмай отырды, ешкім тарап кеткен жоқ. Қазылар алқасының шешімімен Мейірбек Сұлтанхан жыр бәйгесінің жеңімпазы деп танылды.

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Айтыс деген бір ерекше, бекзат өнер ғой. Соның бір үлкен жарысы болды ғой деп ойлаймын. Соншама бір халықтың ықыласына бөленген өзімде қатты қуанып тұрмын. Себебі, барынша әділ болуға тырысты әріптестеріміз.

Мейірбек СҰЛТАНХАН, АЙТЫС ЖЕҢІМПАЗЫ:

Бұл ұлттық өнеріміз ұлықталып, айтыстың бір үлкен жәрмеңкесі, көші Астанаға келген күн. Барша ақындарды жеңісімен құттықтаймын. Тек қана менің ғана мерейімнің артқаны емес, бұл барша ақындардың айтыстың абыройының артқан күні деп білемін.

Д. Онласын