$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Батыс Қазақстан облысында газ құю бекеттерінің жұмысы шектелмек

AstanaTV
09.08.2016ж. 20:00
2243
Батыс Қазақстан облысында газ құю бекеттерінің жұмысы шектелмек

Оралда газ тапшылығының кесірінен қаладағы газ құю бекеттері қызметін тоқтатуы мүмкін. Енді олар келісімшартпен ғана жұмыс істеп, газды талонмен ғана босатпақ. Қаладағы екі ірі газ жеткізуші компанияның бірі осындай қадамға баруға мәжбүр. Мұны басшысы газ өндіретін зауыттың көгілдір отын бағасын 110 пайызға қымбаттатқандығымен байланыстырады. Шығынға шаш-етектен батқан жеткізушілер енді газды шектеп беруге мәжбүр. Ал ұсақ май құю бекеттерінде газдың бағасы 75 теңгеге дейін қымбаттады. Еркін Карин сабақтайды. 

Тұрғанымызға бір сағат болды, әлі де бір сағатымыз бар. Төрт айналым жасасақ, сол екі айналымның уақыты осында өтеді. Қазір 39-дан жасап жатырмыз, кейбір жерде 55, кей жерде 70. 

Күн сайын сағат сегізде келеміз де тұрамыз. Газ жоқ. Газ бізде Қазақстанда шығарылады. Неге БҚО-да газ жоқ?

Таңертеңгі сағат сегізден бері кезегін күткен жүргізушілер тағы да құр қалды. Өйткені лимитпен берілген бір тонна газ екі сағаттың ішінде бітіп қалды. Амалы таусылған көлік иелері енді ашуын кімнен аларын білмейді.

Еркін Карин, тілші:

Қазір қаладағы газ құю бекеттеріндегі баға әр алуан. Ең төменгі баға 39 теңгеден басталып, 55, тіпті 75 теңгеге дейін барады. Газын арзанға сатқан бекеттердің алды көлікке толса, газын қымбатқа пұлдаған жерлерде мұндай көріністі байқамайсыз. Бірақ арзан газға қолы жетпегендер түбі осында келуге мәжбүр.

Евгений Васюков, «Тәуекел» ЖШС директоры:

Шілде айында тек әлеуметтік газды ғана сатып алдық. Ал коммерциялық газға ақшамыз жетпеді. Ақыры өзіміз шығынға баттық. 10 тамыздан бастап, газ құю бекеттерін біртіндеп жабатын болармыз. Яғни жеке азаматтарға газ сатуды тоқтатып, тек келісімшарт жасасқан компанияларға қызмет көрсетеміз.

Газ жеткізушілер мұны газ өндіруші зауыттың бағаны 110 пайызға қымбаттатқандығымен түсіндіреді. Айтуларынша, көгілдір отынның тоннасы бұрын 23 мың болса, енді 66 мың теңгеге жуықтаған. Бірақ әкімдік өкілдері қазір жағдай қалыпты болғанымен, газ құны қымбаттайтынын жоққа шығармады.

Мұрат Бәйменов, БҚО ТҮКШ және энергетика басқармасы басшысының орынбасары:

Қазір өндіруші зауыт үшін көгілдір отынды ішкі нарыққа арзан бағамен сату тиімсіз болып отыр. Әрі сыртқы нарықтағы баға бұдан әлдеқайда жоғары. Алдағы уақытта газ бағасы қымбаттайды деп күтіп отырмыз. Оған дейін облыстағы екі ірі газ жеткізуші отынды 39 теңгеден сатуы тиіс.

Соңғы екі айда газ тапшылығы Оралда қалыпты көрініске айналғанын алға тосқан газ жеткізушілер тығырықтан шығу үшін көгілдір отынның құнын өсіруді ұсынып отыр. Ал Монополияларды реттеу департаменті алдағы бірер аптада бұл іске нақты жауабын бермек. Айта кетейік, облыстағы қоғамдық көліктердің 90% газбен жүреді.

Еркін КАРИН