$487.24 €529.34 ₽5.02
×

2022 жыл: экономикадағы өзгерістер

AstanaTV
30.12.2022ж. 20:00
2078
2022 жыл: экономикадағы өзгерістер

2022 жылы бүкіл әлем, соның ішінде Қазақстан бұрын-соңды болмаған экономикалық және әлеуметтік сын-қатерлермен бетпе-бет келді. Геосаяси шиеленіс жағдайында өндірістік, логистикалық және сауда байланыстарының бұзылуы іскерлік белсенділіктің төмендеуіне әкеліп, тауарлар мен қызметтер бағасының өсуіне, ал бұл өз кезегінде инфляцияның көтерілуіне себеп болды. Экономикалық көрсеткіштер жайын тілшіміз қорытындылайды.

Жыл басталғалы инфляцияны ауыздықтау қиын болды. Биыл 11 айда экономикалық өсім, 4,6-дан 2,7 пайызға төмендеп кетті.

Бауыржан ЫСҚАҚОВ, ЭКОНОМИСТ:

Басым бөлігі шетелдік импорттық тауарлар болғандығы. Көршілес Ресейден әрбір екінші тауарымыз келіп жатқандығы. Үшіншіден қазақстандық тауар өндірушілердің бәсекелестікке төтеп бере алмағандығында. Осындай факторлардың барлығы айналып келген кезде қазақстандықтардың төл теңгемізден гөрі басқа мынау шетелдік валюталарға долларға, евроға деген сенімнің артуына алып келіп отыр.

Ұлттық банк мәліметінше сұраныс пен ұсынысқа қарап, қаржы ұйымдары өз бетінше шешім қабылдайтын көрінеді. Ал, теңгенің құнсыздануына қатысты мынадай пікірде.

Ұлттық Банк экономикада құрылымдық өзгерістер жасау және айырбастау бағамының еркін жүзу қағидаттарын ұстанады. Өткен жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, белгілі бір бағамды ұстану қысқа мерзімді тұрақтылықты тудырғандай әсер береді, ал оны ұзақ уақыт жасанды жолмен ұстап тұру тек алтын-валюта қорының арқасында ғана мүмкін болмақ. Ондай кезде ұлттық валюта бағамын девальвациялауға мәжбүр етеді. Ұлттық Банк белгіленген бағамға көшу мәселесін қарастырмайды.

Машина жасау саласында 4% жеңілдікпен автонесиелеу бағдарламасы жүзеге асырылды. Бүгінгі дейін 97 млрд теңге игеріліп, 12,4 мың автомобиль берілді. 2023 жылғы қаңтарда бағдарламаны қайтарымды қаражат есебінен қаржыландыруды жалғастыру жоспарланып отыр, бұл қысқа мерзімді перспективада қазақстандықтарға тағы 1300-ге жуық автокөлік ұсынуға мүмкіндік береді.

Қайырбек ӨСКЕНБАЕВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

Қазір банктер ақшаны сәл жинап, кредитті кейін береміз деген шешім қабылдады. Әрине, олар өздері біледі. Бұл оларға қатысты бизнес процесс. Бірақ, менің ойымша, күнделікті түскен ақшаны күн сайын беріп отыру керек. Жеңілдетілген автокредитті тоқтатпай, халықты да шулатпай, бұл процесс күн сайын жүруі керек.

2022 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласы ең жоғары өсу қарқынын көрсетті: жалпы өнім көлемі 8,5%-ға ұлғайып, 8,8 трлн теңге болды. Биыл әлемдік азық-түлік нарығында қалыптасқан құбылмалы жағдайға байланысты қаржыландыру көлемі 2 есе 220 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Дәнді дақылдардың соңғы 10 жылда болмаған ең жоғары өнімі алынды. Десе де, Оңтүстік шарулары үшін 2022 жыл табысты деуге келмейді. Ала жаздай еткен еңбек, төккен тер текке кетті. Күзде мақта бағасының төмендігіне байланысты зауыттарға өткізе алмай дал болды. Алайда, ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, шаруалар Үкіметтен тиісті жеңілдіктің бәрін алып жатыр.

Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:

Шитті мақтаны алатын болсақ, бізде 18 өңдейтін кәсіпорын бар. Көбісі сол Оңтүстік өңірде орналасқан. Мақтаның бағасы әлеуметтік маңызы бар тауарға жатпайды. Сол себепті нарық реттейді.

Биыл 3 млн-нан астам адамның жалақысы өсті. Дәрігерлердікі 30%-ға, мұғалімдердікі 25%-ға, бюджет саласының қызметкерлерінің айлығы 20%-ға, өндірістік қызметкерлердікі 10-50%-ға артты. 2023 жылы зейнетақы, мүгедектік бойынша жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, жұмысынан айырылған жағдайда төленетін төлемдер мен асыраушысынан айырылғандар алатын жәрдемақылардың мөлшері көбеймек.

Р. Бақытжанқызы