Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

350-ден астам ауыл, кент және ауылдық округ әкімдеріне тікелей сайлау өткізу көзделіп отыр

AstanaTV
04.01.2023ж. 20:00
1388
350-ден астам ауыл, кент және ауылдық округ әкімдеріне тікелей сайлау өткізу көзделіп отыр

"2023 жылдың саяси күн тәртібін өткен жылдағыдай Президент белгілеген саяси реформалар векторы айқындайды". Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин биыл Қазақстанда қандай саяси реформалар болатыны жайлы айтты. " Бірінші кезекте, бұл ел Конституциясын жаңарту жөніндегі республикалық референдум қорытындыларын іс жүзінде іске асыруды көздейтін шараларға қатысты болмақ" деп жазды ол телеграм парақшасында. Мемлекеттік кеңесші атап өткендей, 1 қаңтардан бастап сайлау заңнамасы мен сайлау жүйесіне қатысты бірқатар жаңа өзгерістер күшіне енеді. Ауыл әкімдерінің корпусын жаңарту жалғасады. 350-ден астам ауыл, кент және ауылдық округ әкімдеріне тікелей сайлау өткізу көзделіп отыр.

ЕРЛАН ҚАРИН, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК КЕҢЕСШІСІ:

Бір мандатты сайлау округтері мен тиісті сайлау комиссияларын құру процесі басталады. Аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері енді өз өкілеттіктерін кәсіби тұрақты негізде жүзеге асырады. Бұл сайлау рәсімдерінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа жылда 2022 жылдың күзінде басталған жаңа сайлау циклі жалғасады. 14 қаңтарда Парламент Сенаты депутаттарының сайлауы өтеді, содан кейін бірінші жартыжылдықта саяси жүйені үдемелі қайта жүктеудің президенттік жоспарына сәйкес Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтуі тиіс. Алдағы сайлау науқаны мүлдем жаңа ережелер мен нормалар бойынша өтетінін атап өткен жөн.

Р. Бақытжанқызы