$498.34 €519.72 ₽4.85
×

1 қаңтардан бастап барлық әлеуметтік төлем мөлшері өсті

AstanaTV
04.01.2023ж. 20:00
2079
1 қаңтардан бастап барлық әлеуметтік төлем мөлшері өсті

Елімізде 1 қаңтардан бастап зейнетақы мен жәрдемақының барлық түрлерінің мөлшері өсті. 4,4 млн зейнетақы мен жәрдемақы алушыға үстеме қосылды. Оған республикалық бюджеттен 4,6 трлн теңге қарастырылған.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде бірқатар әлеуметтік төлем мөлшері өсті. Президент тапсырманы халыққа арналған Жолдауында берген болатын.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен ең төменгі жалақы деңгейін 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдадым. Біз зейнетақы жүйесін де қайта жаңғыртамыз. Зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін біртіндеп ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ал жоғарғы шегін 120 пайызына жеткізу қажет.

Сонымен қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың теңге, айлық есептік көрсеткіш 3 450 теңге болып бекітілді. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 21 907 теңге, ал ең төменгі зейнетақы – 53 076 теңге болды. Базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін ең төменгі күнкөріс көлемі 40 567 теңге болып өзгерді.

Елімізде 2,2 миллион зейнеткер бар. Барлығының да зейнетақысы өсті.

БЛИЦ:

- Мен 113 мың алам өзім, январьдың аяғына қосатын шығатын.

- 10,5 процент өсті. Ол да оңай емес қой. Жақсы ғой" өскені.

Бала күтіміне байланысты берілетін төлем де көбейді. Бірінші балаға – 19 872 теңге, екінші балаға – 23 495 теңге, үшінші балаға – 27 083 теңге беріледі.

Айта кету керек, Президент тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бала күтімі бойынша төлем мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзартылды. Мұғалімдердің мәртебесін көтеру бастамасы жалғасып жатыр. Қаңтардан бастап жалақыларына тағы 25 процент қосылды. Бұл бірінші кезекте балабақша тәрбиешілеріне, мектеп және колледж педагогтарына, сондай-ақ қосымша білім беру жүйесінің мамандарына қатысты.

Ә. Дүкембаева