Қазақстан Республикасының бас прокуроры Берік Асылов Кәрім Мәсімовты қаңтардағы тәртіпсіздіктердің басты ұйымдастырушыларының бірі деп атады. Бүгін құқық қорғау органдары Парламентке келіп, бір жыл бойы жүргізілген тергеу қорытындыларын айтып, депутаттар алдында есеп берді. Қаңтардың құпиясы ашылды ма? Әріптесім Ақбота Базарбай тарқатады.
Мәжілістегі "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобының мүшелері күштік құрылымдар мен мемлекеттік органдарды парламентке келіп, қаңтар оқиғасының мән-жайын ашық айтуды талап еткен еді. Бүгін Парламентте мемлекеттік төңкеріске итермелеген оқиға жан-жақты талқыланды. Құқық қорғау органдары тергеу қорытындылары туралы есеп беріп, бәрі ашық айтылды. Қасіретті қаңтарда еліміз бойынша 5 мыңнан астам адам жараланып, 238 адам қаза болды. Олардың 19-ы – күштік құрылымдардың қызметкерлері. Сондай-ақ, Берік Асылов бейбіт митинг туралы заңның барлық нормалары бұзылғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, ұйымдастырушылар әкімдікті хабардар етпей, мыңдаған адамды жинаған. WhatsApp пен Telegram арқылы нешеде, қай жерде жиналу керектігін айтып отырған. Ал Ұлттық қауіпсіздік қызметі басшыларының әлсіздігі жеке құрамның рухын түсірді дейді бас прокурор.
Берік АСЫЛОВ, ҚР БАС ПРОКУРОРЫ:
Мәсімовтің тапсырмасы бойынша Алматы қаласы мен Қызылорда облысының Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттерінің жеке құрамы жұмыс орындарын тастап кеткен. Сондай-ақ басшылықтың нұсқауы бойынша Алматы және Жамбыл облыстарының Полиция департаменттері өз ғимараттарын тастап кеткен. Турасын айтқанда, осы басшылар әлсіздік танытты. Бұл өз кезегінде жеке құрамның рухын түсірді. Соның салдарынан тәртіпсіздіктің жолын кесу бойынша шаралар уақтылы қабылданбаған.
7 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев терроршыларды ескертусіз атуға бұйрық берді. Алайда, шабуылдаушыларға оқ ату Президент тапсырмасынан бұрын басталды деді бас прокурор. Кейін қалаларды қарулы содырлардан «тазалау» кезінде оқ атылған.
Берік АСЫЛОВ, ҚР БАС ПРОКУРОРЫ:
Шабуылдаушыларға қарсы оқ ату Президенттің белгілі мәлімдемесінен едәуір бұрын болған. Бұл жағдай туралы барлық дискуссия қоғамдық пікірді әдейі басқа бағытқа бұруда. Іс жүзінде, қылмыскерлерге оқ ату үшін күштік құрылымдарға арнайы бұйрық қажет емес. Бұл туралы: құқық қорғау қызметі туралы; Ұлттық гвардия туралы; терроризмге қарсы іс-қимыл туралы заңдарда тікелей нормалар бар. Олар адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төнген жағдайда шабуылды тойтару үшін атыс қаруын қолдануға мүмкіндік береді. Дәл сондай қатерлі жағдай 5 қаңтар күні болып, 8 қаңтарға дейін, яғни жағдай тұрақталғанға дейін жалғасты.
Ал бұрынғы қорғаныс министрі қаңтардағы төтенше жағдай кезінде заңсыз бұйрық берген және стратегиялық нысандарды әскери күзетсіз қалдырған. Соның салдарынан әкімшіліктер мен әуежайлар, қорғаныс органдары қирап, қару-жарақтар мен бағалы заттар ұрланды. Қаңтар оқиғасы бойынша барлығы 5300 қылмыстық іс қозғалған. Бұзақылық, ұрлық, бөтен мүлікті қасақана бүлдіру қылмыстарынан бөлек, адам өлтіру, ұрлық, қару-жарақтың заңсыз саудасымен айналысқандар да бар.
Марат АХМЕТЖАНОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:
5 мыңнан астам сараптама тағайындалды. Ұрланған мүліктің көбі тәркіленді. Қылмыстық істер бойынша 983 адам ұсталды. Оның 502-сі арнайы прокурорларға берілді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жеңілдететін мән-жайлардың болуын ескере отырып – 255 адам босатылды. Бұл соттылығы жоқ және залалды өз еркімен өтеген азаматтар. Адамдардың көпшілігіне бас бостандығынан айырмайтын бұлтартпау шаралары қолданылды.
Қамауға алынғандардың басым бөлігі арандап қалғандар дейді «Аманат» қоғамдық комиссиясының төрағасы Абзал Құспан.
Абзал ҚҰСПАН, «АМАНАТ» ҚОҒАМДЫҚ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Біз қаңтар оқиғасына қатысушыларды шартты түрде 3 топқа бөліп қарастырдық. Біріншісі – ұйымдастырушылар. Екіншісі – арандатушылар. Үшіншісі – арандап қалғандар. Яғни, әу баста бейбіт митингі деп шығып, ұйымдастырушылар мен арандатушылардың айтағына еріп, әртүрлі сипаттағы құқық бұзушылық жасағандар.
"Қаңтар оқиғасы кезінде ел Президенті «Мемлекет құламайды» деген бір сөзімен халыққа рух берді. Осылайша халқымыздың ақыл-парасаты мен бірлігінің арқасында мемлекеттігімізді сақтап қалдық" дейді Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов.
Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Қаңтар оқиғасының нақты жоспарланған ауыр қылмыс екендігін дәлелдейтін фактілер жеткілікті бүгін айтылды. Қаңтарды ұйымдастырушылардың көздегені қан төгіспен болсын, қандай да жолмен болсын билікті басып алу еді. Бұл ашығын айтқанда тәуелсіздікке жасалған қастандық болатын. Бірақ халқымыздың ақыл-парасаты мен бірлігінің арқасында, Президентіміздің ерік-жігерінің арқасында біз мемлекеттігімізді сақтап қалдық. Ең бастысы елдің туы жығылған жоқ.
Қаңтарда азаптау тәсілдерін қолданған қызметкерлер шеніне қарамастан тиісті жазасын алады. Ал тергеу барысында ұсталған экстремистік топтардың 25 қатысушысы, діни ағымдардың 8 жақтаушысы, тағы ұсталған 126 адамның бұрын кісі өлтіру, тонау және ұрлыққа қатысты айыпталып, сотталғандығы анықталды.
Сонымен қатар, тәртіпсіздіктер мен одан кейінгі төңкеріс жасау әрекеті мұқият жоспарланғаны белгілі болды. «Қаңтар оқиғасына» дайындық бір жыл бойы жасырын түрде жүргізілген. Ұсталғандарпдың көбі 35 жасқа дейінгі азаматтар. Бұдан бөлек, шетелдіктер де жаппай тәртіпсіздікке қатысуға және басқа қылмыстар бойынша күдікті болып танылды.
А. Базарбай