$480.55 €533.75 ₽5.36
×

Шымкентте жауған қарды тазалап үлгермей жатыр

AstanaTV
10.01.2023ж. 20:00
2372
Шымкентте жауған қарды тазалап үлгермей жатыр

Шымкентте қыс қаһарына мінді. Алайда қар тазалауға сақадай саймыз деп ала жаздай есеп берген жауаптылардың сөзі іс жүзінде көрінбей қалды. Кеше кештен бері жауған ақ ұлпа бүгін де тоқтамай жауып тұр. Қыстың сәні кіріп қалғанмен көшелер қардан тазаланбай жатыр. Коммуналдық қызмет мамандары ішкі орамдарды айтпағанда үлкен көшелердің өзін аршып үлгермеуде. Бұл көлік қозғалысына кері әсер етіп тұр.

БЛИЦ:

- Бүгін міне жүргеніме азаннан бері 5-6 сағат болды. Сағат таңғы 7 шыққам, көшені тазалап жатқан бір техника көрген жоқпын. Өтірік болмасын бірақ, үш техника жүр Тәукеханның бойында. Шымкент бойынша сол үш-ақ технмкасы бар ма?! Басқа жерлерде көрген жоқпын тазалап жатқанын. Бармаған көшем қалмады, біраз жерлерді аралап қойдым таңғы жетіден бері.

- Кешеден бері қар жауып жатыр. Біздің коммуналдық жүйелер істеп жатқан жоқ қой, қарасаңыздаршы.. Көліктің бәрі қай жер болса сол жерде тұрып қалып жатыр. Мынау енді үлкен көше ғой Арғынбеков деген, ең болмаса осындай үлкен көшелерді тазаласа болады ғой.

Ал қалалық әкімдіктегілер бүгін көшелер мен жаяу жүргіншілер жолдарын қардан тазалауға барлық күш жұмсалып жатқанын жеткізді. Жұмыс күшейтілген режимде жүріп жатыр дейді. Ресми дерек бойынша, Шымкент көшелерінде 350-ден астам техника және мыңнан астам адам жұмылдырылған. Қазгидромет орталығы мамандарының мәліметінше, қардың қалыңдығы жарты метрге жақындаған. Әлі таңға дейін жауады деген болжам бар. Ал алдағы екі тәулікте қатты аяз болатынын ескертеді.

А. Төребекқызы