Бүгін мәжілістегі мандатын мерзімінен бұрын тапсырған экс -депутат Елнұр Бейсенбаев фейсбук парақшасында әріптестеріне алғыс айтты. Сондай-ақ, ол жазбасында алға қойған жоспарларымен бөлісті. Айта кетейік, бұған дейін Елнұр Бейсенбаев «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы болып тағайындалған болатын.
Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:
Парламент Мәжілісі мол тәжірибе жинап, кәсіби тұрғыдан шыңдалуыма ерекше ықпал еткен үлкен мектеп болғаны сөзсіз. Мәжілісте заң жобаларын талқылау мен қабылдау, түйінді мәселелер бойынша депутаттық сауал жолдау, халықпен тікелей жұмыс істеу сияқты міндеттер маған ел өміріне терең бойлауға, қоғамдық-саяси жұмыстың ортасында болуға мүмкіндік берді. Барлығымызды алда үлкен жұмыс күтіп тұр. Мемлекет басшысының жаңару мен жаңғыруға бағытталған реформаларына қолдау білдіре отырып, халықпен тығыз әрі ашық жұмыс істеу, өзекті қоғамдық мәселелерге арналған партиялық жобаларды жүзеге асыру, алдағы сайлау науқанында ел үдесінен шығатын жұмысты пысықтау сияқты ортақ мақсатымыз бар.
Ә. Дүкембаев