Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Шымкентте көпбалалы отбасының үйі өртеніп, далада қалды

AstanaTV
13.01.2023ж. 20:00
1166
Шымкентте көпбалалы отбасының үйі өртеніп, далада қалды

Шымкентте көпбалалы отбасы қақаған қыста далада қалды. Алты баланы жалғыз тәрбиелеп отырған Нәзира Дүйсебаеваның паналап отырған баспанасынан өрт шықты. Тілсіз жаудың тұтануына не себеп? Шиеттей бала қазір қайда? Қиын жағдайға тап болған анамен тілдесіп қайтқан әріптесім Айзада Төребекқызы тарқатсын.

Қызыл жалын кеше бәрі тәтті ұйқыда жатқанда тұттанған. Таңғы алтылар шамасында 8-сыныпта оқитын үлкен ұлы үстіне жоғарыдан әлденелердің түскенінен шошып оянып, келесі бөлмеде жатқан анасына айтқан. Әйтпегенде, артын ойлауды өзі қиын еді. Өрт шыққан бөлмеде Назира Дүйсебаеваның бес баласы жатқан. Көпбалалы ана төтеннен келген оқиғадан ес жия алар емес, көз жасы көл болды. Тек балаларының дін аман қалғанына тәубе етеді.

Нәзира ДҮЙСЕБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Үш қызымның аяқ жағынан бастап жанып келе жатыр екен. Олардың қасында екінші балам жатқан. Барлығын орап, өзімнің екінші бөлмеме шығарып жатар орныма, сол жерге қойып қойып , өзім далаға шығып келіп, пештің үстінде шелекте су тұрған еді, соны шаштым. Одан баклажка бар еді, баклажкадағы суды шашып далбасалап не болып не қойғанын білмей қалдым. Үйге кірсем уже ана бөлмем де көк түтін болып, балаларым барлығы қақылдап жөтеліп жатыр екен.

Жанұшырған ана балаларын көрпелерімен ораған күйі көршісінің үйіне таси бастаған. Өрттің нақты неден шыққанын білмейді. Білетіні, түнгі сағат ондарда ошаққа көмір саған. Ол екі сағатта жанып бітеді екен. Алайда жалын ошақ тұрған тар бөлмеде емес, келесі жатын бөлменің шатырынан қалай шықты деп өзі де аң-таң.

Нәзира ДҮЙСЕБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бұл мынау тақтайы құбырға жақын тұрған екен. Мынау осыған жақын тұрған екен. Мынау қызып, мынаған әсер еткен екенда. Мынау уже шіріп кеткен тақтай. Осымен әсер етіп, сол жерге дейін барған екенда. Бұл қызып-қызып, сол жерден өрт шыққан екен. Бұл тоқтан дейін десек тоқтан емес осыдан боп тұр деп айтты бізге.

Көпбалалы отбасының бүтін қалған дүниесі жоқ. Нәзира, Қайнарбұлақ саяжайындағы бұл пәтерді өткен қыркүйектен бері паналап отыр. Жазғы саяжай ретінде салынған баспанаға пеш кейіннен орнатылған көрінеді.

ШЫМКЕНТ қ. ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ:

Шымкент қаласы, Абай ауданы, Қайнар бұлақ саяжайы, Виноградная көшесі бойында орналасқан, жалпы көлемі 36 ш.м. құрайтын уақытша тұрғын үйдің, көлемі 1 ш.м. төбе жабындысы жанды. Өрт сағат 07:56-да оқшауланып, сағат 08:03-де толығымен сөндірілді. Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ. Алдын ала болжам бойынша қатты отынмен жанатын пештің ақаулығынан өрт шыққан.

Бүгін екінші күн шиеттей баламен көршісінің үйін паналап отырған жалғызбасты ана қайырымды жандардың қамқорлығынан үмітті. Қалада пәтерақы қымбат болғасын саяжайдан пәтер жалдаған. 5 жастағы ерекше қызының денсаулығына байланысты өзі жұмысқа шыға алмайды. Төрт баласы мектеп жасында. Кенжесі балабақшада. Айта кетейік, бір түнде далада қалған отбасыға қамқорлық жасауға ұмтылып жатқандар аз емес. Бүгіннің өзінде 10 млн теңгеден астам ақша жиналып үлгерген.

А. Төребекқызы