Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қызылжарда жүктілік кезінде баласынан айырылған әйел әділдік іздеп жүр

AstanaTV
18.01.2023ж. 20:00
1515
Қызылжарда жүктілік кезінде баласынан айырылған әйел әділдік іздеп жүр

Қызылжарда жүктілік кезінде баласынан айырылған әйел дәрігерлерді кінәлап отыр. Антонина Петренконың құрсағындағы сәби 39-аптаға жеткенде шетінеп кеткен. Бұл дәрігерлердің салғырттығынан болды дейді жас ана. Ал емхана басшылығының айтар өз уәжі бар. Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин тараптарды тыңдап, мәселенің анығын білуге тырысты.

Антонина Петренко жүктілік кезінде дәрігерлерге уақытында қаралып тұрғанын айтады. Алайда жолдасы қайтыс болып, жағдайы күрт қиындаған.

Антонина ПЕТРЕНКО, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жүктіліктің алтынша айында бала өте белсенді бола бастады. Бірақ дәрігерлер бәрі қалыпты деді. Кейін наурыз айында босанар алдында дәрігерлер іштегі нәрестенің жүрегіне кардиотокограма жасатты. Онда да бәрі жақсы деді. Ал төрт күннен кейін оның жүрегі тоқтап қалды. Кейін белгілі болғандай, КТГ жасаған кісі бүкіл ақпаратты құрылғыдан оқыпты. Ал қағазда баланың жүрегі минутына 160 рет соғылғаны жазылған. Олар бұны байқамай қалған.

Жас ана өлі баланы дүниеге әкелген соң ауруханада тексеріс басталған. Алайда қылмыстық іс тек араға бес ай салғаннан кейін қозғалған. Содан бері бірнеше заңбұзушылық анықталғанымен, бұл іске әлі күнге дейін нүкте қойылмады.

Владимир КОМАРОВ, А.ПЕТРЕНКОНЫҢ АДВОКАТЫ:

Қылмыстық іс өте баяу тергеліп жатыр. Бұл санаттағы іс бойынша кінәлі тұлғалар оқиға болғаннан кейін екі жылдың шамасында ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылуға құқылы. Мерзім өткесін ешкім жауап бермейді. Сондықтан бұның не үшін жасалып жатқаны бәрімізге мәлім.

Құзырлы органдар бұл іске қатысты жауап қайырмады. Ал жас ананы бақылаған акушер-гинеколог қазір куәгер ретінде қаралып отыр.

ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ №3 ЕМХАНАСЫ:

Құрсақтағы сәбидің өліміне қатысты СҚО полиция департаменті ҚР ҚК 317-бабы 3-бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғады. Қазір қосымша комиссиялық сот-медициналық сараптама жұмыстары тағайындалды. Оның қорытындысына сәйкес заңды түрде соңғы процессуалдық шешім қабылданады.

Күдікті болмаған соң қылмыстық іс үш рет тоқтатылған. Сонда да Антонина екі жылдан бері әділдік іздеп жүр.

А. Құрманкин