Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Павлодарда айықтырғышқа түскен адам үйіне табытпен оралды

AstanaTV
18.01.2023ж. 20:00
1034
Павлодарда айықтырғышқа түскен адам үйіне табытпен оралды

Павлодарда айықтырғышқа түскен ер адам мерт болды. Үйінен өз аяғымен кеткен оны табытпен әкелген. Марқұм түрлі дене жарақатынан ауруханада қайтыс болыпты. Ал жақындары оны ұрып-соққан деп отыр. Мәселенің мән-жайын тілшіміз біліп келді.

Күлжан Медейдің жолдасынан айырылғанына 2 айға жуықтаған. Марқұм жиі ішімдік ішетіндіктен учаскелік полицейді шақыруға мәжбүр болыпты. Алайда оның соңы өлімнен аяқталатын білмедім деп отыр.

Күлжан МЕДЕЙ, МАРҚҰМНЫҢ ЖҰБАЙЫ:

Үйден учасковой әкетті. Ол кісі жауап беру керек ғой. Қайда апарып ұрды. Қайда не істеді деген. Сап-сау әкеткен кісіні сабап өлтіріп отыр. Сараптамада сау жері жоқ кісіден. Ол кісіні апарғаннан кейін бір екі сағаттан кейін қайтып кеткен. Бас деген майысып қалған. Өне бойдан түк жоқ. Сап-сау кеткен. Неге соғырша жәбірлеп сабайды.

Марқұмның артында 6 баласы жетім қалды. Үлкені кәмелет жасына енді ғана толса, кішісі -2 жаста. Қызының айтуынша, бұл өлімге ауылдың учаскелік полиция қызметкерінің қатысы бар.

Құралай БАҚЫТ, МАРҚҰМНЫҢ ҚЫЗЫ:

Өйткені ол кісі үйден кетен кезде бауырымның көзінше ұрған. Бауырымының көзінше ұрып тұрғаннан кейін, ары қарай әкеткеннен кейін не істемейтініне ешкім кепіл бермейді ғой. Үстіне киген курткасы бәрі қан. Ешқандай сау жері жоқ. Жағаның бәрі қан. Учасковый ұрмаған болса, ол қан қайдан пайда болды? Оны бізге кім айтады? Денесінің бәрі көк ала қойдай. Аузында тісі бәрі қыршылып қалған. Тісі сынып қалған.

Ал айықтырғыштағы дәрігерлер оның орташа масаң күйде жеткенін айтады. Ал денесінде зорлық іздері болмады дейді.

Виктория ЕФИМОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПСИХИКАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Кезекші дәрігер оны тексерген кезде басында ескі жарақаты болғаны анықталды. Оны тіркеу кітапшасына жазып қойған. Содан Екібастұз қаласының айықтырғышына жатқызылды. Таңертең дәрігерлер оның қысымы күрт төмендеп кеткенін және есін жоғалта бастағанын байқаған. Содан бірден жедел жәрдем шақырды.

Марқұмға дәрігерлер бірнеше рет операция жасаған. Алайда құтқара алмапты. Ақ халаттылар қатты соққыдан миына қан құйылғанын айтқан. Марқұмның өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Ал полиция қызметкеріне қатысты қызметтік тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Жасқайрат ҚАЙЫРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Дәрігерлер оны тексерген кезде денесінде және басында жарақат іздері болмаған. Қазіргі уақытта тексеру жүргізіліп жатыр. Айықтырғыштағы бейнебақылау камерасынанан оның өзін бірнеше рет құлап, басын соққаны түсіп қалған.

Марқұмның туыстары оның өліміне себепкер болған кінәлілер жазадан сытылып кете ме деп қорқады. Сол себепті учаскелік полицейдің үстінен арыз жазған. Оның немен аяқталары әзірге белгісіз.

Ө. Қуанар