$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Ескі-құсқы вагондардан қашан құтыламыз?

AstanaTV
18.01.2023ж. 20:00
2685
Ескі-құсқы вагондардан қашан құтыламыз?

Қазақстандағы теміржол вагондарының жартысына жуығы ескірген. Терезесі ашылмайды, жазда ауа жоқ, қапырықтан кеудең қысылады. Ал қыста іштегі ауа температурасы сырттағы суықтан кем түспейді. Соған қарамастан теміржол билетінің бағасы тағы 7 процентке қымбаттамақ. Ол ол ма, пойыздар уақытынан кешігіп келетіні тағы бар. Ескі-құсқы вагондардан қашан құтыламыз? Аружан Задабек жауап іздеді.

Вагондардың сапасын сыртынан-ақ көруге болады. Сырты түтін, іші бүгін болар деп ішіне кірсең, көңіл онан сайын құлазиды. Қолқаны қапқан жағымсыз иіс мазаңды алып, діттеген жерге жеткенше әрең шыдайсың. Дәретхана жайы айтпаса да белгілі.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Пойыздардың, вагон сапасын айта алмаймын енді. Жақсарту керек деп ойлаймын. Өйткені ішкі температурасы салқын, то ыстық. Регулировка жасау керек деп ойлаймын енді.

- Пойыз кешігіп келеді. Вагондардың іші енді әр пойыз әр түрлі ғой.

- Даламен бірдей.

- В основном, ескі вагондар да бар енді.

Негізі вагон жөндеу деполарын дамытуға жыл сайын 500 миллион теңге инвестиция салынады. Ал еңбекті қорғау және қауіпсіздік шараларына шамамен 200 миллион теңге бөлінеді. Бірақ доңғалақтары болмаса, оның үстіндегі вагон осынша бюджет қаржысын ақтайды дегенге сену қиын. Бұған вице-министр не дейді?

Алмаз ЫДЫРЫСОВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Биыл 307 вагонды жаңартуды жоспарлап отырмыз. Негізі вагондардың 44 проценті ескі. Біз жоспар бойынша жыл сайын вагондарды жаңартып отырамыз. Пойыздардың кешігуіне келсек, оған ауа-райының қолайсыздығы себеп.

Ескі вагондардың қашан жаңаратыны бізге ғана емес, оған жауапты компанияның басшыларына да беймәлім. Көкейдегі сұраққа дөп басып жауап бере алмайды. 2030 жылға дейін жаңаруы «мүмкін» деді. Вагондардың сапасы нашар екенін әйтеуір мойындады.

Қанат ӘЛМАҒАМБЕТОВ, «ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ» ҰК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Биыл онда 61 вагон аламыз. 2 жылда 257 вагон аламыз, Алла жазса. Бізге көмек берсе, ақша берсе.

Демек жағдай жасалған вагондарды әлі 7 жыл күтуге тура келеді. Кезең-кезеңімен жылына 100 вагон жаңартылмақ. Егер басшы уәдесінде тұрса, вагон бөлшектері түгел жаңартылады. Ішіне бейнебақылау камерасы, кондиционер жүйесі, телефон қуаттағыш орнатылады. Сондай-ақ, жолсерікті шақыруға арналған батырма, таза су құтылары, тоңазытқыш пен қысқа толқынды пеш қойылмақ. Қысқасы, жылжымалы жатақхана деуге болады.

А. Задабек