$482.86 €533.17 ₽5.08
×

«Мұнайға сұраныс рекордтық деңгейге жетеді», – халықаралық ұйым

AstanaTV
19.01.2023ж. 20:00
1108
«Мұнайға сұраныс рекордтық деңгейге жетеді», – халықаралық ұйым

Азық-түлік бір жылда 25 пайызға қымбаттаған. Бағаны тежеу үшін кешенді шаралар қажет. Депутаттар Үкімет басшысына сауал жолдады. Биыл мұнай бағасынада сұраныс артуы мүмкін. Оған не себеп? Осы және өзгеде ақпараттар «Экономика» топтамасында.

Доллар бағамы құбылып тұр. Бүгін 1 доллардың құны – 464 теңге болды. Kurs.kz мәліметінше, Астанадағы валюта айырбастау орындарында 1 доллар 463-467 теңгеден сатылып жатыр. Ал Алматыда доллар бағасы 463-466 теңге шамасында.

Азық-түлік бір жылда 25 процентке қымбаттады. Бұл туралы Еnergyprom.kz агенттігі хабарлады. Жылдық өсім бойынша көш басында Маңғыстау (31,6%) облысы тұр. Үштікті Түркістан (27,5%) және Жамбыл облыстары (26%) түйіндейді. Қымбатшылық биыл 20 өңірдің 10-да орташа деңгейден жоғары болған.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Ұн қымбат, май қымбат, қант қымбат, картошка, пиязың да қымбат. Менің например айлығым мен пенсиямда жетпейді.

- Магазинге кірсең, қазір бұрын 50 мыңға алған затыңды. Қазір 100 мыңға да түк ала алмайсың.

- Айлық ең төмен бізде. Бірақ магазинде, базарда бәрі қымбат қой.

- Картошкалар қымбаттап кетті. Сүт деген қатты шарықтап тұр. 350 теңге деген. Сондай сұмдықтар болып жатыр Жамбыл облысында.

Инфляция былтыр 20 проценттен асқан. Бұл болжамды көрсеткіштен 5 есе көп. Қымбатшылықтың салдарымен емес, себебімен күресу керек дейді депутаттар. Айтуларынша, қабылданып жатқан шаралардан нәтиже жоқ. Көтерме-тарату орталықтары жағдайды реттеуі тиіс еді. Алайда ол бастаманың өзі жеміссіз.

Айқын ҚОҢЫРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Жүйелі кешенді шаралар әзірлеу керек. Ол үшін алдымен еңбек өнімділігін арттыру қажет. Әсіресе агроөнеркәсіптік кешенге басымдық беру керек. Екіншіден мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы өнімсіз шығыстарды қысқартқан жөн.

Биыл қара алтынға сұраныс рекордтық деңгейге жетуі мүмкін. Бұл туралы халықаралық энергетика агенттігі хабарлады. Ұйымның мәліметінше, мұнайға әлемдік сұраныс тәулігіне 1,9 млн баррельге жетеді. Биыл Қытайда короновирусқа байланысты шектеулер алынса, көрші ел сұраныстың жартысына жуығын қамтамасыз етпек. Мұнайға сұраныс артуының негізгі көзі авиациялық отын болады, оған сұраныс тәулігіне 840 мың баррельге артпақ. Халықаралық энергетика агенттігінің дерегінше, биыл жеткізілім өсімі бойынша АҚШ көш бастап отыр, одан кейін екінші жыл қатарынан «қара алтын» өндірісінің жылдық рекордын орнатқан Канада мен Бразилия тұр. Дегенмен айта кету керек, мұнай қорының балансы батыстың Ресей экспортына санкциялары ықпалынан тез нашарлауы да ықтимал.

Б. Сатуов