Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

«Жалдамалы жолдас»: жаңа қызмет түріне сұраныс көп

AstanaTV
23.01.2023ж. 20:00
2381
«Жалдамалы жолдас»: жаңа қызмет түріне сұраныс көп

Әлеуметтік желіде «Бір сағатқа дос боламын» деген жазбаны көрсеңіз, таң қалмаңыз! Себебі, бұл - жаңа қызмет түрі. Тіпті, оны кәсіп көзіне айналдырып алғандар арнайы агенттік ашып, оны ғаламторда жарнамалап жүр. «Күйзеліп жүрсең, кездесейік» дейтіндер неге көбейіп кетті? Әріптесім Аружан Задабек жалдамалы доспен кездесіп, әңгіме-дүкен құрды. Ақылы жолдас тілшімізге қандай «ақыл» айтты? Көрейік.

Ақшаң болса қалтаңда, достың түр-түрін таңдап, талтаңда! Қазір жалдамалы жолдас іздеп, сыр шерткісі келгендердің мақалы – осы. Олар серік іздеп сергелденге түспейді, желіні ашып шертіп тұрып таңдай алады. Олар ақшасын төлесең, қасыңда отырып, сені сағаттап тыңдауға дайын.

Жалдамалы жолдастың қалай жұмыс істейтіні сіздерге ғана емес, маған да қызық болды. Сөйтіп...

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

«Бір күнге досыңыз болып берейін» деген адамды көрсеңіз не дер едіңіз? Таң қалатыныңыз рас! Қазір әлеуметтік желіде осындай жарнамасымен жер жарып тұрған қыздар, жігіттер өте көп. Солардың біріне хабарластым. Кездесейік деп едім, бірден келісті. Орынды белгіледік. Сағат қазір үш болды. Мен келдім, көрейік әңгімелесіп.

Күткен «досым» уақытынан ерте келіп, мені күтіп отыр екен. Ә дегеннен әңгімені қызығушылықтарымды сұрап бастады.

Міне, қызық! Көптің мұңын тыңдап, «ақылшы» боп жүрген ару әлі студент екен. Бұл жұмысты ақшадан қысылған соң бастапты. Тамырын басып, теңге табудың басқа жолын таппадың ба деп едім...

Это все нормально, знаете? Потому что адамды депрессия болады, стресс болады. Соны өзіңнің жақын адамыңа айтқын келмейтін кездер болады ғой. Ешқандай бір общий знакомстволары жоқ біреулерге тұрады да осылай әңгімесін айтып береді. Бір сағатта ол деген іштегінің барлығын айтып тастаған кезде, үлкен бір пар шығарып тастайды да.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Міне, өздеріңіз көргендей, Мадина есімді қызбен таныстым. Сырластық, әңгіме айттық, әртүрлі тақырыпта, неше түрлі әңгіменің басын қайырдық. Расымен маған бұл қызмет түрі басында таңсық болып көрінгені рас. Бірақ шынымен де жеңілдеп қалады екенсің.

Адамдар жалдамалы достың көмегіне неге жүгінеді? Психолог оны былай түсіндірді.

Ажар НҰРКЕНОВА, ПСИХОЛОГ:

Олар тек қана тыңдап тұрады да, ақшасын алады да кетеді. Адамға керегі де сол. Біздің көп жақындарымыз тыңдауды білмейді. Керісінше ақыл айтуға тырысады.

Елордалықтардың да ойын біліп көрдік. Араларынан құптағандар да, даттағандар да болды.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Оның пайдасы не? Ондайды мен любойын апарып, отырғызатын, ондайлар толып жатыр.

- Нағыз дос шынайы болу керек. Ол өтірік, тегін болса да, жалға болса да ол дұрыс емес.

- Ең жақын адамдарына олар ашыла алмайды. Сондықтан басқа біреуге айтып, солай ашылған дұрыс деп ойлайтын шығар өздері.

Ал қоғам белсендісі бұл қызметтің пайдасынан гөрі, зияны көп дейді.

Ғалымжан КЕРІМБЕК, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:

Адамның құнын біз қазір өте төмен деңгейге түсіріп отырмыз да бұл арқылы. Шынын айтсам, мен бір басқа мемлекеттен бұндай нәрселерді естіген жоқпын енді. Ал енді Қазақстанда мұндай нәрселердің орын алуы біздің қазақ халқы үшін өте ұят нәрсе.

Мамандар мұндай қызметке сұраныстың артуына жалғызбасты адамдардың көбеюі себеп дейді.

А. Задабек