Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Елімізде 12 миллионға жуық сайлаушы бар

AstanaTV
23.01.2023ж. 20:00
1197
Елімізде 12 миллионға жуық сайлаушы бар

Елімізде 12 млн-ға жуық азамат сайлауға қатысып, дауыс бере алады. Сондай-ақ, Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлауға 7 саяси партия қатыса алады. Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында айтылды. Толығырақ тілшіміз Әсел Дүкембаева тарқатады.

Әсел ДҮКЕМБАЕВА, ТІЛШІ:

Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлауға қатыса алатын партиялар тізімін жариялады. Қазіргі таңда 7 саяси партия тіркелген. Олар: Ақ жол, «Amanat», «Ауыл» , «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия», «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы мен «Respublica» қоғамдық бірлестігі. Айта кету керек, 69 депутат партиялық тізім бойынша, 29 депутат бір мандаттық аумақтық округ бойынша сайланатын болады.

Алма МҰҚАНОВА, ҚР ӘДІЛЕТ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Сайлау туралы Конституциялық заң талаптарына сәйкес партиялық тізімдер бойынша 70% сайланатын партиялар кандидаттарын ұсыну тек саяси партияларға тиесілі. Қазіргі таңда Қазақстанда 7 саяси партия тіркелген және жұмыс істеп отыр. Барлық саяси партиялардың жарлығында партия мәжіліс, мәслихат депутаттығына кандидат ұсыну көрсетілген. Саяси партиялық тізімге енгізілген адам бір мандаттық сайлау округі бойынша ұсынылуға құқығы жоқ.

Комиссия отырысында сайлау заңнамасының жаңа өзгерістері туралы комиссия мүшесі Асылбек Смағұлов баяндады. Айтуынша, сайлау жаңа форматта өтетін болады.

Асылбек СМАҒҰЛОВ, ҚР ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Жаңа қағидаттар бойынша Мәжіліс депутаттары біртұтас жалпы округтік аумағы және бір мандаттық округтер бойынша сайланады. Сайлау округінің шекараларын тиісті сайлау комиссиялары айқындайды. Сайлау округінің аумағында орналасқан мемлекеттік ұйымдар мен органдардың сайлауға дайындығы мен өткізу мәселелі жөніндегі есептерін тыңдауға құқылы.

Комиссия мүшелерінің айтуынша, сайлаушылар тізімімен жұмыс істеуді арнайы заң реттейді. Биылғы науқанға 12 млн-ға жуық азамат дауыс бере алады.

Константин ПЕТРОВ, ҚР ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

19 наурызда елімізде Мәжіліс және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республикадағы белсенді сайлаушылар тізіміне құқығы бар 11 976 406 азаматты енгіздік. Олар алдын ала учаскелер бойынша бөлінген. Сонымен қатар айта кетерлігі, бұл жұмысты жергілікті атқарушы органдар жүргізеді.

Енді қоғам белсенділеріне бақ сынауға толық мүмкіндік бар. Уақытта жетеді. Олар партиядан бөлек, өз-өзін ұсына алады. Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес, сайлаушылар тізімін жасау жергілікті атқарушы органдар қызметіне жатады. Сонымен қатар бұл процеске әр азаматтың қатысуы маңызды. 19 наурызда өтетін Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын кезектен тыс сайлауына кандидаттарды тіркеу басталды. Кандидаттарды ұсыну 20 қаңтарда басталып, 8 ақпанда аяқталады. Кандидаттарды тіркеу мерзімі 18 ақпан Астана уақытымен кешкі сағат 18.00-де бітеді.

Ә. Дүкембаева