$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Алматыдағы республикалық спорт колледжі білім алушылар үшін есігін қайта ашты

AstanaTV
23.01.2023ж. 20:00
993
Алматыдағы республикалық спорт колледжі білім алушылар үшін есігін қайта ашты

Алматыдағы республикалық спорт колледжі білім алушылар үшін есігін қайта ашты. Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері даулы мәселенің нүктесін қойды. Естеріңізге салайық, былтыр көктемде аталған білім ордасының жабылуына қатысты жанжал туындаған болатын. Оның орнына олимпиадалық резервті дайындайтын орталық салу туралы шешім қабылданған. Ал колледждің білім алушыларын басқа бейіндік оқу орындарына ауыстырды. Осыған байланысты спортшылар мен ата-аналар наразылықтарын білдірген еді.

Бұл күнді 16 жастағы Лев Чувашов асыға күтті. Ол өзінің білім ошағына қайта оралғанына қуанышты. «Сыныптастарым мен оқытушыларымды сағындым»,- дейді. Қазір бессайыс спорт түрімен айналысатын жалынды жігіттің жетістіктері де, алға қойған мақсаттары да аз емес. Солардың бәріне колледждің қолдауымен біртіндеп қол жеткізетініне сенімді.

Лев ЧУВАШОВ, ОҚУШЫ:

Өткен жылдың сәуірінен бастап колледж үшін күрестік. Бәріміз қатты уайымдадық. Колледждің қайта ашылғанына қуаныштымын. Барлық атсалысқан адамдарға алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта бәріміз бірлесіп, биік белестерді бағындырамыз деп сенемін.

Спорт колледжінің ашылғанына оқушылар ғана емес, ата-аналар мен білім ордасының қызметкерлері де риза.

Мұратбек ҚАСЫМХАНОВ, ЖАТТЫҚТЫРУШЫ:

Осы жерде істеп жатқаныма 11 жылдан асты. Бұл жердің тарихын білесіздер. Алла қаласа сіздердің арқаларыңызда осылар талай чемпион болады. Ата-аналар да ат терлетіп келіп отыр. Көп-көп рақмет! Аман-есен болыңыздар. Осы спортшылардың алғысын ала беріңіздер!

Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов та колледжге арнайы ат басын тіреді. Жақында ғана тағайындалған министр аталған мәселе ол үшін маңызды міндеттердің біріне айналғанын айтты.

Асхат ОРАЛОВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:

Көп балалар осы жерде оқығысы келеді шынын айтқанда. Бүкіл өтініштерді қабылдап, мұқият зерттеп, зерделеп, сараптап бір шешім қабылдадық. Осы дүйсенбіден бастап мектебіміз қайтадан жұмысына кірісетін болады. Барлық құжаттар, лицензиялар алынды. Шешім қабылданды.

Талай спорт саңлақтарын тәрбиелеп шығарған тарихы терең колледждің тағдырына дүйім жұрт алаңдады. Оның қайта ашылуын Мәжіліс депутаттары мен «AMANAT» партиясының мүшелері де талап етіп, бірқатар жұмыс атқарды.

Константин АВЕРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ЭКС-ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Спорт колледжін қайтару үшін біраз күрестік. Мен әу бастан осы мәселенің басы-қасында жүрдім. Бүкіл спорт қауымдастығы алаңдап, бақылап отырды. Бұл біз үшін үлкен жеңіс. Оң нәтижеге қол жеткізгенімізге қуаныштымын.

Республикалық спорт колледжінде 12 спорт түрі қамтылған. Алдағы уақытта білім ошағына 136 оқушы қайта ауысып келмек. «Мекеме жұмысын жалғастыруға тас – түйін дайын»,- дейді жауаптылар.

Нұрбол СЫДЫҚОВ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СПОРТ КОЛЛЕДЖІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Өткен жылы мектептен ауысқан кезде «Шаңырақ» және Тәркен Ахметов атындағы интернатқа 184 бала ауысқан болатын. Бүгінгі күні солардың 136 баласы біздің колледжге кейін қарай ауысуға өздерінің ниеттерін білдіріп отыр. Жатақхананы, асхананы, оқу корпусын жасақтау керекпіз.

Спорт колледжінде білім алушылар оқуларын 1 ақпан күні жалғастырады.

М. Жақан