$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Алматыда мектеп оқушысы пышақ жарақатынан көз жұмды

AstanaTV
24.01.2023ж. 20:00
1425
Алматыда мектеп оқушысы пышақ жарақатынан көз жұмды

Алматы қаласының Алатау ауданында 7-сынып оқушысы көз жұмды. Алдын ала мәлімет бойынша, оны 17 жастағы жасөспірім пышақтаған. Қазір оқиғаның мән-жайын анықталып жатыр. Толығырақ әріптесім Әйгерім Пернебек айтады.

Оқиға куәгерінің айтуынша, балалар сөзге келіп қалған. Олар көпқабатты үй ауласындағы мектептің алдына жиналыпты. Кенеттен 17-лер шамасындағы жасөспірім оқушыны пышақпен ұрды дейді.

Диана, КУӘГЕР:

Өзіме әлі келе алар емеспін, бәрі менің тереземнің алдында болды.13, 17 жастағы балалар жәй төбелестің орнына пышақ ұстап келген. Пышақ тыққанда бір тамшы қан да көрінбеді, сол себепті ешкім байқамады. Жедел жәрдем келіп күртесін ашқанда ғана көрді. Ол кезде көмек беруге тым кеш болып кетті. Бала 40 минут жерде жатты. Жедел жәрдемге 3 рет хабарластық.

Мектеп әкімшілігі көз жұмған оқушының ашық- жарқын болғанын айтады. Сабақты да жақсы оқыған. Бұған дейін ұрыс, төбелестерге қатысқанын байқамадық дейді.

Жарқын АСХАТҚЫЗЫ, №114 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ТӘРБИЕ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:

Ол оқушы барлық мектептің тәрбие жұмысы бойынша жұмыстарға белсенді қатысады. Және де оның оғаш қылықтарын біз ешқашан байқамағанбыз, себебі ол өзінің құрдастарымен де, басқа сыныптың оқушыларымен де өте жақсы қарым-қатынаста болған және де мұғалімдермен де қарым-қатынасы жақсы болған.

Қалалық полиция департаменті оқиға Алатау аудандық полиция басқармасының бірыңғай тізіліміне тіркелгенін хабарлады. Мәселенің мән-жайы анықталып жатыр.

Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ Қ. ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Қылмыстық Кодекстің 99-бабының нормалары бойынша тіркеліп, қазіргі таңда адам өлтіру дерегі бойынша тергеу амалдары басталды. Күдікті ізін суытпай жатып ашылды.

Қазір марқұм болған жеткіншектің жақындары мен сыныптастарына психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.

Ә. Пернебек