$498.51 €522.84 ₽4.81
×

СҚО-да қараусыз жүрген жылқылардың иесі жауапқа тартылды

AstanaTV
26.01.2023ж. 09:08
1071
СҚО-да қараусыз жүрген жылқылардың иесі жауапқа тартылды

\СҚО-да WhatsApp-чаттан келген хабарламадан кейін қаңғыбас малдың иесі жауапқа тартылды – деп хабарлайды Астана телеарнасы Polisia.kz сілтеме жасап.

Қараусыз жүрген жылқылар туралы ақпарат WhatsApp мессенджеріндегі ауылдық чаттардың бірінде тараған. Ақпарат бірден жергілікті учаскелік полиция Арман Сатеновке жолданады. Нәтижесінде учаске полициясы Явленка ауылының шетінде орналасқан мекенжайға барып, қараусыз жылқылар мен иесін тапқан. Жылқылардың иесіне мал жаю ережелерін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

«Мұндай фактілер жиі кездеседі. Жұмыстың сервистік моделі аясында полиция бөлімінің жеке құрамы тұрғындардың қоңырауларына ғана емес, әлеуметтік желілердегі, мессенджерлердегі полицияның құзыретіне кіретін хабарламаларға да жедел ден қояды. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, заңнаманы түсіндіру бойынша үнемі профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Естеріңізге сала кетейік, қаңғыбас жануарлар арнайы мал қамайтын орындарға қамалуы мүмкін. Ауыл тұрғындарына жануарларды қараусыз қалдыруға болмайтынын еске саламыз. Олар ұрылардың объектісіне айналуы немесе қайғылы салдармен аяқталуы мүмкін жол-көлік оқиғасына себеп болуы ықтимал», – деп атап өтті Есіл аудандық полиция бөлімінің бастығы Ерлік Есләмбеков.

Соңғы 12 айда СҚО-да 10400 астам ауыл шаруашылық жануары арнайы қораларға орналастырылды, еркін жайылымға жол бергені үшін облыстың 4334 тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды.