$487.37 €532.94 ₽5.09
×

38 мыңдай алтын құйма сатылған

AstanaTV
26.01.2023ж. 21:03
919
38 мыңдай алтын құйма сатылған

2022 жылы екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген айырбастау пунктерінде жалпы салмағы 1,1 тонна 37 940 алтын құйма сатылған. Бұл туралы Ұлттық банк хабарлады. 

Халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және кері сатып алу бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) Ұлттық Банк 2017 жылы іске қосқан болатын. Бағдарлама қолға алынғалы жалпы салмағы 3,8 тоннадан астам 112 845 алтын құйма сатылды.

Алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 гр. Сатып алушылар арасында ең көп сұранысқа ие түрі – 5 грамдық алтын құйма. Жалпы сатылған құймалар арасында оның үлесі 30,5% – 11 558 дана. Одан кейін 20 грамдық алтын құймадан сатылғаны – 8 605 дана (23%), 10 грамдық құймадан – 8 548 дана (22,5%), 100 грамдық құймадан – 6 462 дана (17%), ал 50 грамдық құймадан – 2 767 дана (7%). Алтын құймалар Алматы, Астана және Қарағанды қалаларында көп сатылады.

Алтын құймалар сенімді инвестиция құралы бола алады. Алтын құймалар нарығындағы өтімділіктің басты кепілі – банк пен банктік емес айырбастау пунктері клиентке ақшаны сол күні төлей отырып, құймаларды кері сатып ала алады.