Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Рио олимпиадасында Қазақстан қоржыны тағы 2 медальмен толықты

AstanaTV
16.08.2016ж. 20:00
3192
Рио олимпиадасында Қазақстан қоржыны тағы 2 медальмен толықты

Рио олимпиадасында Қазақстан қоржыны тағы 2 медальмен толығып, жалпы саны 10-ға жетті. Қола жүлдені 416 келі салмақты бағындырған зілтемірші - Александр Зайчиков алды. Ал бокстан 91 келі салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шыққан Василий Левитке күміс жүлде бұйырды. Осы жекпе-жектегі оның қарсыласы ресейлік Евгений Тищенконың жеңісіне қатысты қып-қызыл дау туды. Әлемдік басылымдар AIBA төрешілерін, әділетсіздік жасады деп, ашық айыптады. 

Прямым попадает Левит! Ну, что могу сказать, бой, конечно, достойный!!!

Бұл - Астана уақыты бойынша бүгін таңғы 4-те бүтін ел тәтті ұйықысын қиып, көруге асыққан кездесу еді. Шаршы алаңда 28 жастағы қазақ боксшысы Василий Левит ресейлік 25 жастағы Евгений Тищенкомен «Алтын» медаль үшін тартысқа түсті. Жұрт бұл жекпе-жекте Левиттің басым түскенін байқады. Тек төрешілер жеңісті орыс спортшысына беріп жіберді. Мына кадрларда көрінбесе де, анық естіледі. Бүтін залдағы жанкүйерлер бұл шешімге қарсылық танытты. 

Қарсылық мұнымен бітпеді. Әлемдік басылымдар AIBA төрешілерін сынның астына алды. Тіпті Тищенко Левиттен алтынды тартып әкетті деп жазып жатқандары да бар. «Түсініксіз жағдай» деп жеңістің әділ берілмегенін Ресей құрамасының бапкері Эдуард Кравцов "Vesti.kz" сайтына сұхбат бергенде мойындапты.

Эдуард Кравцов, Ресей құрамасының бапкері:

«Не айта аламын. Өздеріңіз көрдіңіздер. Мен әділ ойынды қалаймын. Сондықтан Василий мен оның бапкерлеріне өкінішімді білдіремін. Жалпы олимпиада ойындарында әділетсіздіктер орын алып тұрады, Әрине, мұндайда спорт үшін ұялатыным бар. Бірақ біздің Тищенко да жеңісті қалады. Қолының көтерілгеніне ол айыпты емес.»

Ал Қазақстанда Левиттің күміс медалін алтынға балап отыр. Тіпті оны елде олимпиада чемпионы ретінде қарсы алу туралы ұсыныс айтылды.

Рүстем Іргебаев, «Астана Арланс» клубының спорт директоры:

Енді Вася жекпе-жегін алсақ, «беспредел» болды. Алып алды, ұрлап алып алды да. Солай айтсам болады. Өйткені 3 раунд бойы соғып, ұрып, тіпті 3-ші раунд та соққылар жасап, нокдаунға жіберетін сәттер болды. Бірақ рингта жүретін төреші, рефери дейді ғой, сол Тищенконы тоқтатып,  дәрігерге апарып, 1,5 минуттай демалтты.  


Тек Василий Левиттің өзі болған жайтқа сабырмен қарап отырған тәрізді. Осы күні Рио ойындарында тағы бір спортшымыз кезекті медальді қанжығасына байлады. Ол - 105 келі салмақтағы зілтемірші Александр Зайчиков. Жұлқа көтеру және серпе көтерудің қорытындысы бойынша 416 келіні бағындырды. Өкініштісі, екінші кезеңде қазылар жерлесіміздің 227 келі көтергенін есепке алмады, әйтпесе Александр да күміс жүлдені қанжығасына салар еді.

Ал боксшылар арасында Олжас Сәттібаев пен Жәнібек Әлімханұлы жарыс жолынан шығып қалды. 69 келі салмақта шаршы алаңға шыққан Данияр Елеусіновке француз боксшысының басы тиіп, жарақат алды. Жұдырықтасу екінші раундта тоқтатылғанымен, судьялар Даниярды жартылай финалға жіберді.

Бүгін 51 келі салмақта Жайна Шекербекова ширек финалға шығады. Қарсыласы 2008 жылғы әлем чемпионы, француз қызы Сара Урамун. Лондон олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов те бүгін жартылай финалға шығады. Ол британиялық Джошуа Буатсимен жұдырықтасады. Ал 91 келі салмақта тағы бір лондондық олимпиада жүлдегері Иван Дычко нигериялық Эфе Аягбамен қолғап түйістіреді. Жалпы есепте Қазақстан әзірге 15 орында тұрақтап тұр. Алдыңғы үштікте - АҚШ, Ұлыбритания және Қытай.

Құралай ПИОНЕР